427,07 518.00 5.90
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Кімдер зейнетақы жинақтарының бір бөлігін қажеттіліктеріне пайдалана алады

  • 402
  • UPD: 17:13, 28.12.2020
Кімдер зейнетақы жинақтарының бір бөлігін қажеттіліктеріне пайдалана алады

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ақмәди Сарбасов ОКҚ-да өткен брифингте зейнетақы жинақтарын қажеттіліктерге мақсатты пайдалану туралы түсіндірді.

«Заңға сәйкес 2021 жылдан бастап қазақстандықтарға зейнетақы жинақтарының бір бөлігін тұрғын үй жағдайларын жақсартуға, емделуге ақы төлеуге немесе жеке басқарушы компанияларға басқаруға беруге пайдалану құқығы берілетін болады», – деді Ақмәди Сарбасов.

Зейнетақы жинақтарының бір бөлігін нақты қажеттіліктерге пайдалану құқығын мына азаматтар пайдалана алады:

– жұмыс істейтін, тиісті жаста зейнетақы жинақтары «жеткіліктілік шегінен» асатын азаматтар;

– сақтандыру компанияларымен БЖЗҚ-да қалған зейнетақы жинақтарының сомасы шегінде өмір бойы аннуитеттік төлемдерді қамтамасыз ететін зейнетақы аннуитеті шарттарын жасасқан адамдар;

– зейнеткерлікке шыққан азаматтар (оның ішінде әлеуетті құрылымдар қатарынан) – БЖЗҚ-да қалған зейнетақы қаражатының 50%-інен аспайтын шекте. Егер олардың зейнетақысының жиынтық мөлшері (жасына байланысты немесе еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақыны, базалық зейнетақыны қоса алғанда) жоғалған табысты халықаралық стандарттарға сәйкес келетін деңгейде (кемінде 40%) алмастыруды қамтамасыз еткен жағдайда.

Белгілі бір жастағы салымшы үшін оның табысынан БЖЗҚ-ға алдағы 10% тұрақты зейнетақы жарналарын (ең төменгі жалақыдан аз емес) ескере отырып, ең төменгі зейнетақы мөлшерінен аз болмайтын зейнетақы төлемдерімен қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін зейнетақы жинақтарының ең төменгі қажетті сомасы «жеткіліктілік шегі» ретінде қарастырылады.

«Жеткіліктілік шегі» әйелдер мен ерлер үшін бірдей белгіленеді және әрбір жас үшін есептеледі. Бұл ретте ол қалыптасқан параметрлерге (кірістілік, инфляция, ең төменгі төлем мөлшері және т.б.) сүйене отырып, жаңа алушылар үшін қайта есептелетін болады.

«Заңда сондай-ақ жоғарыда аталған санаттағы азаматтар зейнетақы жинақтарының бір бөлігін өздері, жұбайлары немесе жақын туыстары (аталары/әжелері, ата-аналары, балалары, немерелері, аға-інілері/апа-сіңлілері) үшін тұрғын үй жағдайларын жақсарту мақсатында немесе емделуге ақы төлеуге пайдалана алады деп көзделген. Мақсатты пайдалану үшін көрсетілген отбасы мүшелерінің қаражатын біріктіруге болады», – деп атап өтті вице-министр.

Белгіленген талаптарға сәйкес келген жағдайда алып қоюлардың саны бойынша шектеулер көзделмеген, яғни азаматтардың зейнетақы жинақтарының бір бөлігін сол бір не басқа мақсатқа қайта пайдалануына жол беріледі.

Хабар 24 телеарнасы