Дәріханаларда ковидке қарсы препараттардың бағалары 27%-ке арзандайды

Дәріханалардағы ковидке қарсы препараттардың тізбесіне іс жүзінде бағалар 10 күннен кейін орта есеппен 27%-ке (230-ға жуық препарат) төмендетіледі. Тұтастай алғанда ҚР Денсаулық сақтау министрлігі шекті бағалары төмендетілетін 17 халықаралық патенттелмеген атау бойынша ковидке қарсы препараттардың тізбесін айқындады.

«Баға белгілеуді сараптау барысында өтініш берушілерге оны қалыптастыру кезінде және бірінші кезекте ковидке қарсы препараттардың бағасын көтеруге мүмкіндік беретін бірқатар фактор анықталды», – деп атап өтті ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары Марат Омаров.

«Мысалы, инвойстарды талдау есебінен дистрибьюторлар соңғы жылы инвойстан ең жоғары бағаны есепке алуы мүмкін екенін анықтадық, өндірушілерден инвойстар әрқашан ұсыныла бермейді, бұл дистрибьюторларға дәрілер құнын қымбаттатуға алғышарттар жасап, дәрілік препараттарды зауыттың өзінен емес, делдалдар арқылы сатып алуға мүмкіндік береді, экономикалық даму деңгейі ұқсас елдерде өндірушілер мен зауыттар ұсынған бағалар қайта тексерілмейді, көлік және кедендік шығыстар (бұл дәрі құнының 7-15%-іне дейін), маркетингтік құрамдауыш (30%-іне дейін) құрайды. Сондай-ақ ковидке қарсы препараттардың бағаларын талдау кезінде ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің емдеу хаттамасына кіретін дәрілердің тізбесін ескердік, олар антикоагулянттар, ыстықты түсіретін, глюкокортикостероидтар, этиотропты препараттар. Осы жұмыс препараттардың дәріханалардан жоғалып кету қаупін азайту мақсатында ҚР Денсаулық сақтау министрлігімен, «Атамекен» ҰКП-мен, салалық қауымдастықтармен, өндірушілермен және фармацевтикалық нарықтың басқа да өкілдерімен бірлесіп жүргізілді. Сондай-ақ Агенттік Қазақстанда дәрі-дәрмек өндірісін оқшаулау және отандық өндірушілерді қолдау үшін ұсыныстар енгізіп, «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ қаржылық даму институтымен еліміздің фармацевтикалық өндірушілерін қолдаудың ықтимал құралдарын зерделеу үшін келіссөздер жүргізді. 

Бұдан басқа «Дәрілік заттардың шекті бағалары мен үстеме бағаларын реттеу, қалыптастыру қағидаларына» жаңа түзетулер БҚДА-ның 2021 жылдан бастап дәрілік препараттар мен медициналық бұйымдарға баға белгілеуді реттеу жүйесіне кіруін көздейді. Осы үшін дәрілік заттардың ақпараттық дерекқорын құру жоспарланып отыр, осының негізінде шетелдік өндірушілердің, оның ішінде референттік елдердің бағаларына экономикалық талдау жүргізілетін болады. Сондай-ақ БҚДА Денсаулық сақтау министрлігіне белгілі бір дәрілік заттардың қазақстандық нарықтан жойылып кетпеуіне жол бермеу мақсатында дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды бағалық реттеу тетігін қайта қарау жөнінде әдіснамалық кеңес құруды өтініп жүгінді. БҚДА баға белгілеудің ашықтығын арттыру, дәрілік препараттарға тиісті бағаларды қалыптастыруды қамтамасыз ету және отандық фармацевтика нарығының өндірушілерін қолдау жұмыстарын еліміздің фармацевтикалық нарығында нарықтық тетіктер мен бәсекелестікті дамыту үшін жүргізеді.

Сондай-ақ...