Ескерту: Бірқатар облыста жол жабылды

Елімізде қолайсыз ауа райына байланысты тағы бірнеше өңірде жол жабылды.

Ақмола облысында «Екатеринбург – Алматы» автожолының 1291-1353 шақырымы жабылған.

Бұл – Жалтыркөл ауылынан бастап Қарағанды облысының шекарасына дейінгі аралық.

Сонымен бірге «Нұр-Сұлтан – Петропавл» жолының 18-231 шақырымы, яғни елордадан Щучинск қаласына дейінгі жол жабық.

Қарағанды облысында да қатты аязға байланысты 2 қаңтар кешкі 18:00-ден бастап «Екатеринбург – Алматы» тасжолының 1353-1425 шақырымында, атап айтқанда, Ақмола облысы шекарасынан Теміртау қаласына дейін дизель қолданатын көліктің жүруіне рұқсат жоқ.

Дәл осындай шектеу «Нұр-Сұлтан – Қабанбай батыр – Нұра – Теміртау» жолының 51-104 шақырымында да енгізіліп отыр.

Одан бөлек, «Қызылорда – Павлодар» автожолының 1066-1135 шақырымы – Молодежный елді мекенінен Павлодар облысының шекарасына дейінгі аралық жабылды.

Алматы облысында да осындай жағдай. Бүгін сағат 17:00-ден бастап «Алматы – Өскемен» тасжолының 558-615 шақырымында, Үшарал қаласынан Шығыс Қазақстан облысының шекарасына дейін дизельмен жүретін және қоғамдық көліктің қозғалысына шектеу қойылған.

Сондай-ақ Павлодар облысында 2 қаңтар кешкі 18:00-ден бастап барлық бағыттағы жолдарда дизель қолданатын көліктер мен автобустардың жүруіне тыйым салынды.