Елорда әуежайында ПТР-тест тапсыруға болады

Елорда әуежайында ПТР және ИФА әдістері арқылы COVID-19 инфекциясына тест тапсыруға болады.

Бұл туралы Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайының баспасөз қызметі хабарлады.

«Енді елорда әуежайының жолаушылары мен қонақтары GrinLab тестілеу орталығында ПТР және ИФА әдістері арқылы коронавирустық COVID-19 инфекциясына тестілеуден өте алады. ПТР-тестілеудің құны 9000 теңгеден басталады. Тестілеу жұтқыншақ пен мұрыннан алынады және нәтижелері электронды поштаға орыс немесе ағылшын тілдерінде жіберіледі. Нәтижені 12 сағаттың ішінде алуға болады. ИФА әдісімен антиденелерге экспресс-тестілеудің құны 6500 теңге, зерттеу кезінде IgM және IgG сыныптарының антиденелерін анықтау үшін капиллярлы қан алынады, нәтижесі 15 минуттың ішінде дайын болады», - делінген хабарламада.

Ал антигенге экспресс-тестілеудің құны – 8500 теңге, IgA антигенін анықтау үшін мұрын-жұтқыншақтан тестілеу алынады, нәтижесі 15 минуттың ішінде дайын болады.