Ауа райы: қай бағытқа жолдар жабылды

Бүгін еліміздің басым бөлігінде желдің екпіні күшейіп, қарлы боран соқты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Осыған байланысты бірнеше аймақта дауылды ескерту жарияланды. Әсіресе, Павлодар, Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарындағы ахуалды төтенше жағдай департаменттерінің мамандары жіті бақылауда ұстап отыр. Кей жерлерде желдің жылдамдығы секундына 28 метрге дейін жетті.

Солтүстік Қазақстан облысында барлық бағыттағы жолдар жабылды. Өңірде күн райы күрт бұзылып, қарлы боран соқты. Кей елді мекендегі көктайғақ пен бұрқасын тұрғындарды әбігерге салды. Осыған байланысты полиция мен төтенше жағдайлар қызметкерлері күшейтілген жұмыс кестесіне көшті. Болжам бойынша кешке қарай күн де суытып, 32 градус аяз болады.

Баян Байғаскина, облыстық ПД ЖПҚ басқармасының аға инспекторы:

– Қазіргі уақытта облыстық автожолдарында 100-ден астам техникалық құралдар қызмет көрсетуде. Және полицияның қызметкерлері күшейтілген тәртіпте қызмет көрсетіп жатыр. Және облыс тұрғындарынан алыс жолдарға шықпауыларын сұраймыз.

Көкшетауда түнде басталған қарлы боран әлі тоқтамай тұр. Соның салдарынан көшеде көлік қозғалысы қиындады. Коммуналдық қызмет көшелерді қардан тазалап үлгерер емес. «Қазгидромет» мамандарының айтуынша, соңғы екі тәулікте Көкшетауға қардың бір айлық мөлшері жауған. Шаһар сыртында да бұрқасыннан түк көрінбейді. Сол себепті аймақта сағат 11-ден бастап көптеген облыстық және республикалық маңыздағы жолдар жабылды. Мұнда да боранның соңы аязға ұласады дейді синоптиктер.

Даниел Жұмажанов, «Қазгидромет» АҚ облыстық филиалының бөлім жетекшісі:

– Алдағы үш тәулікте Салехат аймағынан келген антициклонның енуіне байланысты Ақмола облысында ауа температурасының төмендеуін байқаймыз. Ол түнгі уақыттарда 27-32, кей жерлерде 35 градусқа дейін аязға дейін төмендесе, күндіз 20-25, кей жерлерде 30 градус аязға дейін төмендейді.

Қарағанды облысында ат құлағы көрінбейтін ақтүтек боран тұрды. Соның салдарынан Теміртау мен елорда арасындағы күре жол жабылды. Тәуекелге бел байлап, сапарға шыққандар орта жолдан қайтарылды. Синоптиктер қолайсыз күн райы ертең де сақталатынын айтады.

Күн райының қолайсыздығына байланысты Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Жамбыл, Ақмола, Қостанай, Қарағанды, Шығыс Қазақстан облыстары мен Нұр-Сұлтан қаласында дауылды ескерту жарияланды. Бұл аймақтарда қар жауып, қалың тұман басып, боран күшейеді деп болжанып отыр.

Сондай-ақ...