414,77 504.70 5.64
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Бірқатар өңірде ауа температурасы 30 градусқа дейін төмендейді

  • 435
  • UPD: 22:54, 08.02.2021

Еліміздің кей аймағында күн райы күрт суытып, 30 градусқа дейін төмендеуі мүмкін, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл туралы «Қазгидромет» мамандары хабарлады. Метеорологтардың болжамы бойынша Қазақстанға Скандинавиядан келетін суық антициклон әсер етеді. Жел екпіні күшейіп, тұман болады.

Ауа райының қолайсыздығына байланысты еліміздің бірден 8 өңірінде дауылды ескерту жарияланды. Қарғанды облысында соңғы екі тәулікте жолда қалып қойған 11 адам құтқарылды. Қазір кеншілер өңірінде Қызылорда-Павлодар, Жезқазған-Петропавл" және Сәтпаев қаласынан Қостанай бағыты ашылды. Қалған күре жолдарда көлік қозғалысына рұқсат берілген жоқ.

Солтүстік Қазақстан облысында да қар құрсауында қалған 60 адам құтқарылды. Өңірде демалыс күндері қатты боран соғып, барлық бағыттағы жол жабылды. Бірақ дабылды ескертуге қарамастан, жолға шыққандар көп.

Мұрат Қанғожинов, облыстық ТЖД бастығының орынбасары:

– Мағжан Жұмабаев ауданы Писаревка ауылының маңында 57 адам құтқарылды. Қалың қардан 20 көлік шығарылды. Жол тазаланды.

Ертіс өңірінде кейбір қалааралық жолдар әлі жабық. Қазіргі уақытта боран салдарынан үш бағыт бойынша барлық көлік түрлеріне шығуға рұқсат жоқ. Баянауыл ауданы арқылы Қарағанды облысына апаратын Қызылорда-Павлодар және Шідерті кентінен шекараға дейінгі аумақ жабылды. Ақмола облысының шекарасына дейінгі жолда да қозғалыс тоқтатылды.

Зейнет Мұрзабаев, облыстық ТЖД азаматтық қорғаныс басқармасының басшысы:

– Облыстық төтенше жағдайлар қызметінде ауа райының бұзылуына байланысты жедел штаб құрылды. Шұғыл желі жұмыс істейді. Ақпарат алу үшін тұрғындар бізге хабарласқаны жөн. Жүргізушілерге алыс жолға шықпауға кеңес береміз. Ауа райы тұрақсыз.

Ал елорданы қалың қар басып, бір айлық норманың жартысы жауған. Кей жерлерде қар қалыңдығы 29 см-ге дейін жетеді. Өткен тәулікте қала көшелерінде 85 жол көлік оқиғасы болып, таңертең ұзын-сонар кептеліске ұласқан. Зардап шеккендер жоқ. Желдің ұйытқуына байланысты Нұр-Сұлтан - Щучье бағыты да жабылды.

Синоптиктердің болжамына сүйенсек, алдағы үш күнде елде сынап бағаны -23 -30 градусты көрсетеді. Шығыста ауа температурасы -28 градусқа дейін төмендесе, батыста күн жылуы мүмкін. Алайда Атлантикадан келетін циклон әсерінен аймақта жаңбыр аралас қар жауып, арты көктайғаққа ұласуы ықтимал. Төтенше жағдайлар министрлігінің өкілдері, азаматтарға алыс жолға шықпауды ескертеді.

Мирлан Алтынбек

Хабар 24 телеарнасы