Қашықтан оқытудағы олқылықтар жойыла ма?

Қашықтан оқыту – заман талабы. Алайда бұл үрдіс білім деңгейінің төмендеуіне әкеп соқтырмай ма деген сауал еріксіз ойға келеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Дегенмен министрлік қашықтан оқыған балалардың біліміндегі олқылықтарды биылғы және келер оқу жылында толықтыруды жоспарлап отыр. Ол қандай жоспар?

Қоғамда қашықтан оқытудың сапасы төмен деген ой қалыптасқан. Әрине, әр баланың қабілеті әртүрлі. Ата-аналар әрбір пән бойынша баламызды қосымша ақылы оқытуға тура келді дейді. Бірақ мұны барлығының қалтасы көтере бермейтіні анық. Кейіпкеріміз Динараның баласы 3-сыныпта оқиды. Ол 2 пән бойынша арнайы маманның көмегіне жүгінеді екен.

Динара Изгуттинова, қала тұрғыны:

– Менің балам жартылай қашықта, жартылай барып оқиды. Күні бойы телефоннан бас алмайды. Қытай тілін онлайн оқып жатырмыз. Ол өте қиын. Иероглиф сынды. Бір сабаққа балаға 10-15 мың кетеді. Егер 2 сабақ алсам, онда 30 мың кетеді. Балам қанша қабілетті, тез қабылдағанымен өте көп уақыты кетеді.

Былтыр оқу жылының төртінші тоқсанында, яғни індет басталған кезде бастауыш білім қызметіне 74 млрд 800 млн теңге бөлінген. Ал негізгі және орта білімге 367 млрд-тан астам қаражат жұмсалған. Яки шамамен 33 процентке артқан. Білім беру саласының 9,2 проценті бастауыш білімге тиесілі. Жалпы орта білімдікі 45 процент. Қаржылай қолдау болса да, әлі де олқылықтар жоқ емес. Сала мамандары бұл мәселелер алдағы уақытта шешімін табады дейді.

Шолпан Каринова, ҚР білім және ғылым вице-министрі:

– Бірнеше өзгерістер қабылданып жатыр. Иә, қашықтан оқыған балалардың біліміндегі олқылықтар биыл және келер оқу жылында толықтырылады. Бүгінде орнын қалай толтыру керегі туралы ұсыныстар бар, соған байланысты мұғалімдер оқу жоспарын дайындау кезінде күрделі тақырыптарға көбірек тоқталуы қажет. Және педагогтарға оқу жоспарларын түзетуге рұқсат етілді.

Рас, жауапкершілік жүгі негізінен ұстаздарға артылған. Дегенмен ата-ана да оқу процесінен тыс қалмауы керек. Сонда ғана бала толыққанды білім алады.

Наргиз Бекмағанбетова, Ерлан Наурызбаев