Шектеу және жеңілдік: екі облыста санитарлық қаулылар жарияланды

Шығыс Қазақстан облысында карантиндік шектеу шаралары ертеңнен бастап күшейтіледі. Медициналық оқу орындарының студенттері іс-тәжірибеден өтуі үшін коронавируске ПТР-тест тапсыруға міндетті. Яғни тек зертхана нәтижесімен емдеу мекемелеріне жіберіледі.

Аймақта банкеттік жиындар өткізуге тыйым салынған. Тек ас беруге рұқсат. Мұның өзінде сыйымдылығы 30 проценттен аспауы тиіс. Маска тағу режимі мен арақашықтық ережесі де бұзылмауы керек. Өңірде мектепке дейінгі балалар ұйымдарының жұмысы жанданды. Нысан ішінде санитарлық талаптар қатаң сақталуы керек. Ал мектептерде 1-ден 7-сыныпқа дейін дәстүрлі форматта білім алуға рұқсат. Маңғыстау облысының бас санитарлық дәрігері де жаңа қаулыға қол қойды. Өңірде керісінше шектеу шаралары жеңілдетіліп жатыр. Табиғи қорықтарға 15 адамдық топпен баруға болады. Алайда ас берушілерге бірқатар шектеу бар. Оған қатысатын адамдар саны 50-ден аспауы қажет.