Көктайғақ салдарынан Түркістан облысы аумағындағы жолдар жабылды

Қатты жел мен көктайғақтың салдарынан Түркістан облысы аумағында жолдар жабылып, көлік қозғалысына шектеу қойылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ауа райының қолайсыздығына байланысты өңірдегі Самара – Шымкент автомагистралі мен облыстық маңызы бар Жамбыл – Құмкент – Шолаққорған бағытындағы жолдар да барлық көлік түріне қозғалыс тоқтатылды. Түркістан облыстық төтенше жағдайлар депаратменті мамандарының хабарлауынша, кей жерлерде желдің жылдамдығы секундына 25-30 метрге дейін жеткен. Соның салдарынан бұрқасын болып, жүргізушілердің жолды көруі қиындаған. Оның үстіне қатты жел Түркістан мен Шымкент арасындағы халықаралық транзиттік дәліз бойында орналасқан көше шамдарының бағаналары құлатып, жол қозғалысына кедергі келтірген. Сондықтан мамандар облыс тұрғындары мен қонақтарына қауіпсіздік шараларын ұстанып, алыс жолға шықпауды ескертеді.