Коронавирустың «алматылық штамы» деген вирус жоқ – Сарапшы

Коронавирустың «алматылық штамы» деген вирус жоқ. Бұл туралы Биологиялық қауіпсіздік мәселелерін ғылыми-зерттеу институтының зертхана меңгерушісі, PhD докторы Ербол Борашев мәлімдеді, деп хабарлайды coronavirus2020.kz.

«Осыдан он күн бұрын COVID-19-дың оң үлгілерін алғанымыз рас. Зерттеулер нәтижесінде британдық типтегі коронавирустық инфекцияның жаңа нұсқасына жататын штамм табылды. Қазіргі уақытта оның вирусын бөлу бойынша терең зерттеулер жүргізілуде. Анықталған коронавирус штамы Еуропада, АҚШ-та тараған британдық штамға сәйкес келеді. Басқаша айтқанда, жаңа алматылық штамм деген жоқ. Яғни біз зерттеп жатқан штамм – желтоқсан айының аяғынан бері әлемде кеңінен таралып жатқан штамм. Бізде ол енді ғана тіркеліп жатыр», - деп түсіндірді Ербол Борашев.

Борашев сондай-ақ анықталған коронавирус штамының ерекшеліктері туралы айтты.

«Басқа штамдардан айырмашылығы – ол өте жұқпалы және тигізетін залалы ауыр. Сондықтан ол бүкіл әлемге тез тарап жатыр. Яғни бұрынғы штамдардан да жұқпалы, оның үстіне ағзаға тигізер әсері әлі толық зерттелмеген», - дейді Ербол Борашев.

Сарапшы пандемияның беті қайтпай тұрғанын, аурудың қоздырғыштары мен генетикалық қасиеттері өзгеруге өте бейім екенін айтады. Шетелдік ғалымдардың зерттеулеріне сәйкес, SARS-CoV-2 вирусы көптеген табиғи жолдардан өтіп, геномы генетикалық өзгерістерге ұшыраған. COVID-19 қоздырғышының «британдық» және «оңтүстік африкалық штамдары» осылай пайда болған. Халықаралық GISAID деректер базасының мәліметі бойынша, аталмыш клайд G мутациясы жер бетінің барлық нүктесіне жеткен.