Номофобия мен монитор фобиясы туралы не білеміз?

Смартфон қолданудан бас тарта аласыз ба? Бұл сұраққа көпшілік «жоқ» деп жауап берері сөзсіз.

Өйткені біраз шаруа қазір бір ғана гаджеттің көмегімен шешіледі. Әп-сәтте ақша аударып, есеп айырысасыз. Үйден шықпай-ақ қабылдауға жазылып, коммуналдық қызмет ақысын қашықтан төлейсіз. Теледидардан өткізіп алған бағдарлама мен фильмдеріңізді кез келген жерде тамашалай аласыз. Бірақ осы аталған барлық мүмкіндік адамды смартфонға тәуелді қылатынын бірі білсе, енді бірі түсіне бермейді. Сауалнама нәтижесі қандай?

Әлеуметтік желідегі сауалнамамызға 26 мыңнан астам интернет-қолданушы қатысты. «Смартфоннан бас тарта аласыз ба?» деген сұрағымызға респонденттердің 41% «иә» десе, 59% «жоқ» деп жауап берген.

Айбек Сыдықов, психолог:

- Былтыр Ақтөбе қаласының жастары арасында зерттеу жүргіздік. «Смартфонға қанша уақытыңызды жұмсайсыз?» деген сауалнамаға 100-ден астам жасөспірім қатысты. Анықталғандай, олар гаджетке тәулігіне орта есеппен 10-12 сағатын арнайды екен. Респонденттердің едәуір бөлігі бұл әдетін «бір мезетте бірнеше адаммен әңгімелесуге болады» деп түсіндірді.

Жасыратыны жоқ, қазіргі уақытта көпшілік өмірін смартфонсыз елестете алмайды. Бірі мұны жұмыс орнындағы мәжбүрліктен деп түсіндірсе, енді бірі интернет парақшасы арқылы табыс табуымен байланыстырады. Журналист Ернат Мелсұлы бос уақытында смартфон қолданбайды. Айтуынша, жұмыс кезінде 20 минут сайын үзіліс жасап отырады.

Ернат Мелсұлы, журналист:

- Үлкен ұлым 3 жаста. Бірақ сол үлкен бір жетістігім, осы кезге дейінгі ұлым телефонды қарамайды. Ол сотканы «тоқа» деп айтады. «Тоқаны» қарауға болмайды деп өзі айтады. Мысалы үйге қонақтар келсе немесе біз бір ортаға барсақ, басқа балалар қарайды ғой, сол кезде ана балалардың соңынан қуып жүреді. «Тоқаны» ұстауға болмайды деп ше.

Гаджетті сирек қолданатындардың қатарына егде жастағылар мен мемлекеттік қызметкерлерді де қосуға болатын шығар. Бірақ олардың барлығы смартфоннан өз еркімен бас тартты дей алмаймыз.

Ернат Мелсұлы, журналист:

- Номофобия деген бір індет шықты. Ми мен сананың ауруы. Бұл ағылшын сөзінен шыққан: No Mobile Phone Phobia. Ұялы телефонды жоғалтып аламын. Ұялы телефонды бір жерге қалдырып кетемін. Немесе ұялы телефонның қуаты отырып қалуы мүмкін деген сияқты қорқыныш болады. Бұл да зиян.

Мирлан Алтынбек, тілші:

- Ернат айтқан XXI ғасыр қорқыныштарының қатарына «монитор фобиясын» да жатқызуға болады. Бұл әдетке шалдыққандар көбіне ноутбук пен смартфонның алдыңғы бейнекамерасын жауып қояды екен.

«Смартфоны бар адамның жеке өмірі, оның жеке кеңістігі, орналасқан жері сырттай бақылануы мүмкін» деген тақырыпта көптеген көркем және деректі фильмдер түсірілгені белгілі. Оның ішінде биографиялық «Сноуден» картинасы, «Қара айна» сериалы мен «Окей, Лекси» комедиясы да бар.

Айбек Сыдықов, психолог:

- Сырткөз назарына ілігу фобиясын жоққа шығара алмаймыз. Смартфон арқылы адамның қайда жүргені және не істеп жатқаны сырттай бақыланатыны жасырын емес. Бұл қалыпты жағдай дер едім. Бірақ бұны білгендер жаппай телефоннан бас тартып жатыр деп айта алмаймын. Әркім өзінше қорғанады.

Психологтың сөзіне сенсек, смартфонға деген тәуелділік бейжайлық пен бейқамдыққа алып келеді. Яғни адамның қуанышты немесе жағаұстатарлық жаңалыққа қатысты эмоциясы бірқалыпты болады. Осыған байланысты болашақта «Ақпараттық диетолог» деген жаңа мамандық та пайда болуы мүмкін.

Авторлары: Мирлан Алтынбек, Ербол Даиров, Нұрғали Мамурбаев