Дәрігерлер халық вакцина салу туралы жиі қоятын сұрақтарға жауап берді

Қазақстанда бүгінге дейін 760 мыңнан астам тұрғын коронавирусқа қарсы вакцина салдырды. Ел екпеге дейін және кейін нені басшылыққа алуы тиіс? Арнайы дайындық көре ме? Мысалы, антиденелерге тест тапсыру қажет пе? Екпеден кейін коронавирус жұқтыруы мүмкін бе деп келетін сан түрлі сауалдар туындап жүр. Ал дәрігерлер не дейді? 

Коронавирустың инкубациялық кезеңі екі апта. Яғни вирустың өсуіне осынша уақыт кетеді. Бұл кезеңде адам ағзасына түскен ковид-19 инфекциясы еш белгі бермеуі мүмкін. Тіпті ПТР тест сынамасы да көрсетпейді. Сондықтан кейде адам екпеден кейін ауырдым деп ойлап қалады. Ал шын мәнінде ол вирусты вакциналауға дейін немесе одан кейін жұқтырған болып шығады. Мамандар осылай дейді.

Ерлан Раманқұлов, Ұлттық биотехнология орталығының директоры:

- Біздің иммунитетіміз екі нәрсеге негізделеді. Біріншісі антиденелер. Екіншісі Т-клеткалары. Оны тест көрсетпейді. Мысалы, ағзадағы антиденелер ноль, ал Т-клеткалары мықты болуы мүмкін. Бұл иммунитеттің өте жақсы екенін көресетеді. Ал кейде антиденелер көп, Т-клеткалары аз болады. Бірақ антиденелер ағзаңызды коронавирустан толық қорғайды деген сөз емес, сондықтан вакцина салдырған дұрыс.

18 жасқа толмағандар, белокқа аллергиясы бар адамдар, бала емізіп жүрген немесе жүкті әйелдер екпе салдырмайды. Сонымен қатар онкологиялық және созылмалы аурулары бар азаматтарға да вакцинаны алуға болмайды. Ковидпен ауырғанындар тек 6 айдан кейін вакцина қабылдайды. Жалпы зерттеулерге сәйкес, вакцинадан кейін ковидке қарсы төтеп беретін антиденелер 42 күнде қалыптасады. Сондықтан «екпе жасаттым» деп сақтық шараларын елемей жүруге жөн жоқ.

Жұмабек Бекенов, Жұқпалы аурулардың алдын алу жөніндегі департамент директоры:

- Мына бірінші вакцинаны алғаннан кейін антиденелер кемінде екі жетіден кейін ғана пайда бола бастайды. Ол әрине адамды 50-60 процентке қорғауға мүмкіндігі бар. Сол екі ортада адамдар вакцина алдым ғой деп еркіндік жасап, маска кимей, тәртіптерді бұзып, қоғамдық орындарға барып мутацияға ұшыраған британдық, бразилиялық, оңтүстік африкалық түрлерін жұқтырып алуы мүмкін.

Ал енді бәрін мазалаған бір сұрақ: вакцина салдырғаннан коронавируспен ауыру мүмкін бе?

Жұмабек Бекенов, жұқпалы аурулардың алдын алу жөніндегі департамент директоры:

- Вакцинадан ауыру мүмкін емес. Өйткені вакцинаның құрамында тірі қоздырғыш жоқ. Тек бір компоненті ғана. Ген. С белогының белогы ғана, ол ауру тудыруы мүмкін емес.

Дегенмен, кез келген вакцинаның ағзаға әсері болады. Мысалы, коронавируске қарсы екпеден кейін бастың ауыруы, екпе салған жердің ісінуі, температураның көтерілуі мен дененің ауырсыну сезімі байқалуы мүмкін.

Ерлан Раманқұлов, Ұлттық биотехнология орталығының директоры:

- Дәрігерлер екпе салынған жерге екі күн су тигізбеуге кеңес береді. Сондай-ақ стрестік жағдайлардан аулақ жүріңіз. Алкогольдік ішімдік ішпеу керек. Моншаға, саунаға бармаған жөн. Екпеге дейін антиденелерге тест тапсыру да қажет емес. Халыққа айтарым, вакцинаның жанама әсірінен емес, коронавирусты жұқтырып, ауырып қалудан қорқу керек. 

Екпе алу үшін egov.kz порталы арқылы өтініш беруге болады немесе ірі сауда орталықтарындағы екпе пункттеріне төлқұжатыңызбен барсаңыз жеткілікті. Ал осы уақытқа дейін екпе алып үлгірген азаматтарға дәрігерлер сақтық шараларын ұмытпауға кеңес береді.

Авторлар: Ғазиза Мұхамеджанова, Арман Ақшабаев