429,33 519.25 5.73
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Соңғы рет қашан газет оқыдыңыз?

  • 294
  • UPD: 09:12, 23.04.2021

Соңғы рет қашан газет оқыдыңыз? Жалпы ақпаратты басылымдардан аласыз ба?

Бұл жөнінде әлеуметтік желіде сауалнама жүргізіп көрген едік. Оған 20 мыңға жуық адам қатысып, 80%-тен астамы «жоқ» деп жауапты қатты. Бірақ бұл отандық газеттерге сұраныс жоқ, ешкімге керек емес дегенді білдірмейді. Керісінше, ресми статистика белсенділіктің жоғары екенін көрсетіп отыр.

2021 жылдың бірінші тоқсанында газеттер мен журналдарға жазылудың жалпы көлемі 56 млн данаға жуықтады. Бұл «Қазпошта» арқылы таратылатын басылымдарға қатысты. Ал, өткен жылы көрсеткіш 90 миллион данадан асқан. Бұған қарап, қазір газет-журналдар оқылмайды деп кесіп айта алмайсың. Әсіресе, ауыл жұртының белсенділігі жоғары. Жазылудың жалпы көлемінде оның үлесі 71%-ті құрайды.

Асыл Сағымбеков, «Казахстанская правда» газетінің бас редакторы:

- Біздің газетті көбіне 40-тан асқан адамдар оқиды. Ал, жастарда бұндай белсенділік жоқ. Олар ақпараттың барлығын ғаламтор арқылы алады. Осы мақсатта біз интернеттегі сайтымызды және әлеуметтік желілердегі парақшамызды жандандыра бастадық. Соңғы технологияларды пайдаланып, нарық талабына сай болуға тырысамыз.

Иә, қазір газет сайтты ақпараттық порталдардан асып түспесе, кем емес. Жаңалықты жылдам беруге тырысады. Бұған қоса, видеосұхбат түсіріп, оқырмандар назарына ұсынады. Бірақ бәрібір газеттің маңызы бөлек дейді сала мамандары. Өйткені басылымда сараптама материалдарға, журналистік зерттеулерге ерекше екпін жасалады.

Нұрмұхаммед Байғара, «Айқын» газетінің бас редакторы:

- Кез келген білімді адам қысқа жаңалықтармен шектеле алмайды. Оған болып жатқан оқиғаларға терең түсініктеме керек. Қажеттілікті осы «Айқын» сияқты газеттерден таба алады. Бұл - бірінші бағыт. Екінші бағыт газеттердің негізгі мәселесі өзге сайттармен бәсекеге қабілетті болу.

Елімізде 170-тен аса республикалық және 500-ден аса аймақтық газет таратылады. Қалыптасқан жағдайға байланысты жабылып қалғандары да бар. Бұған қоса, қазір мәжбүрлі түрде жазылу деген атымен жоқ. Оған қатаң шектеу қойылды. Сондықтан сұраныстағы, бәсекеге қабілетті дегендері ғана жұмысын жалғастырады.

Авторы: Аслан Қаженов, Диас Қобыланбаев

Хабар 24 телеарнасы