ҰОС ардагерлеріне көрсетілетін әлеуметтік қолдау шаралары туралы айтылды

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ерлан Әукенов ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылы ішінде құрылған Ұлы Отан соғысы ардагерлерін әлеуметтік қамсыздандыру жүйесі туралы айтып, 2021 жылы көрсетілетін әлеуметтік қолдау шаралары туралы хабардар етті.

Өз сөзінің басында вице-министр Қазақстанда биыл 1 мамырдағы жағдай бойынша ҰОС-дағы жеңіске үлес қосқан 665 ҰОС қатысушылары мен мүгедектері және басқа санаттағы 113 мың 555 азамат (Қоршаудағы Ленинград тұрғындары – 74 адам; концлагерьлердің бұрынғы кәмелетке толмаған тұтқындары – 221 адам; ҰОС қайтыс болған мүгедектердің әйелдері (күйеулері) – 2 296 адам; ҰОС кезінде қаза тапқандардың жесірлері – 10 адам; тыл еңбеккерлері – 89 385 адам; ҰОС қатысушылары мен мүгедектеріне теңестірілгендер– 21 569 адам) тұрып жатқанын хабарлады.

«Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің атынан баршаңызды келе жатқан жарқын мереке Ұлы Жеңіс күнімен шын жүректен құттықтауға рұқсат етіңіздер! Әрбір адамның борышы – өз елінің өткенін білу және құрметтеу, барлық ұрпақтың жарқын болашағы жолында Жеңіске жету үшін майданда соғысқан және тылда еңбек еткен ардагерлеріміздің ерліктерін ұмытпау», – деді Ерлан Әукенов.

Соғыс кезінде майданға 1 млн 200 мыңнан астам қазақстандық шақырылды, 20-дан астам атқыштар дивизиясы мен басқа да құрамдар құрылды.

Жауынгерлік еңбегі үшін жүздеген мың қазақстандық медальдармен және ордендермен марапатталды, 500-ге жуық адам Кеңес Одағының батыры атанды. Төрт қазақстандық екі мәрте батыр атанды, 110 қазақстандық үшінші дәрежелі Даңқ орденімен марапатталды.

Қолына қару алған әрбір екінші қазақстандық Жеңіске жету жолында қасық қаны қалғанша күресіп, өмірлерін қиды – ұрыстарда қаза тапты, жаралар мен аурулардан көз жұмды, хабар-ошарсыз кетті. 630 мың адам тұтқыннан оралмады.

«Еліміздің тәуелсіздігінің барлық 30 жылы ішінде ардагерлер мен тыл еңбеккерлеріне қамқорлық көрсету, олардың өмір сүру сапасын арттыру мемлекеттің әлеуметтік саясатының басты басымдықтарының бірі болып табылады. Қарт адамдарды әлеуметтік қорғау шаралары орталық және жергілікті деңгейлерде жүзеге асырылады. Жыл сайын зейнетақы және өзге де әлеуметтік төлемдер көлемі ұлғаюда. 2021 жылғы 1 қаңтардан бастап базалық зейнетақы 5% және ынтымақты зейнетақы 7%, әлеуметтік төлемдер 5% арттырылды. Қабылданып жатқан шаралар халықаралық практикада қолданылып жүрген жоғалтылған табысты алмастыру стандартын (40%) арттыруға мүмкіндік берді, ол Қазақстанда базалық және ортақ зейнетақы төлемдері есебінен 49,9% құрайды», – деп мәлімдеді Ерлан Әукенов.

Сондай-ақ ол өзге әлеуметтік төлемдерге қарамастан, азаматтардың 20 санаты (оның ішінде соғысқа қатысушылар, тыл еңбеккерлері, ақталған азаматтар және т.б.) арнаулы мемлекеттік жәрдемақы алатынын айтты.

2021 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша зейнетақыны ескергенде әлеуметтік төлемдердің орташа жиынтық мөлшері:

– ҰОС қатысушылары үшін – 182 851 теңгені;

– ҰОС мүгедектері үшін – 188 051 теңге;

– басқа мемлекеттер аумағындағы соғыс ардагерлеріне (Ауғанстанда, Вьетнамда, Алжирде, Египетте, Иракта және т. б.) – 198 801 теңге;

– ҰОС қатысушыларына теңестірілген адамдар үшін 154 638 теңге;

– ҰОС мүгедектеріне теңестірілген адамдар үшін 119 562 теңге;

– ҰОС жылдарындағы тыл еңбеккерлеріне 120 112 теңгені құрайды.

«Сондай-ақ жергілікті атқарушы органдар бюджет және демеушілік қаражат есебінен ардагерлерге қиын өмірлік жағдайда немесе мереке күндері материалдық көмек түрінде қосымша әлеуметтік қолдау шараларын көрсетеді, оған тұрғын үйді жөндеу (16,2 млн теңгеге 182 ардагер), отынмен қамтамасыз ету (212,1 млн теңгеге 7 332 адам), қоғамдық көлікте жол жүру жеңілдіктері (2 млн теңгеге 2 036 адам), дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету (10,7 млн теңгеге 920 адам), тіс протездеу (1,1 млн теңгеге 22 адам) және тағы басқалар кіреді», – деді вице-министр.

Сонымен қатар жыл сайын біржолғы материалдық көмек төлеу дәстүрге айналды. Сонымен, Тәуелсіздіктің 30 жылдығы және Жеңіс күні қарсаңында жергілікті атқарушы органдар ҰОС қатысушылары мен мүгедектеріне және ҰОС Жеңіске үлес қосқан азаматтардың басқа да санаттарына төлемдерді жүзеге асыру үшін 6,4 млрд теңге бөлді.

«Еңбек министрлігі облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардың әкімдіктеріне ҰОС жеңісіне үлес қосқан азаматтардың жоғарыда аталған барлық санаттары үшін материалдық көмектің ең төменгі кепілдендірілген шегін белгілеуді ұсынды. Нәтижесінде барлық өңірде ҰОС қатысушылары мен мүгедектеріне 1 млн теңге көлемінде біржолғы материалдық көмек көрсетілді (Қызылорда облысында – 116,7 мың теңге). Қоршаудағы Ленинград тұрғындары мен концлагерьлердің бұрынғы кәмелетке толмаған тұтқындарына кемінде 50 мың теңге, ҰОС-да қайтыс болған мүгедектердің әйелдеріне, ҰОС кезінде қаза тапқан жауынгерлердің жесірлеріне және ҰОС жылдары тыл еңбеккерлеріне – кемінде 30 мың теңге берілді», – деп хабарлады Ерлан Әукенов.

11 өңірде (Ақмола, Ақтөбе, Алматы, ШҚО, Жамбыл, БҚО, Қарағанды, Қызылорда, Маңғыстау, Павлодар, Түркістан облыстарында және Шымкент қаласында) төлемдер жүзеге асырылды. Қалған өңірлерде 9 мамырға дейін аяқталады.

Сондай-ақ Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 76 жылдығын мерекелеу құрметіне ардагерлерге естелік сыйлықтар табыс етіледі.

Сонымен қатар Елбасының тапсырмасын орындау мақсатында биыл Nur Otan партиялық платформасы аясында Еңбек министрлігі Аға буын азаматтарының жағдайын жақсарту жөніндегі 2025 жылға дейінгі «Белсенді ұзақ өмір сүру» іс-шаралар жоспарын бекітті.

Аталған іс-шаралар жоспарын іске асыру үшін барлық өңірлерде белсенді ұзақ өмір сүру орталықтарын ашу көзделген. Олар қазірдің өзінде Нұр-сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларында, Ақмола, Жамбыл, Қарағанды және Қостанай облыстарында жұмыс істейді.

Орталықтар «Бір терезе» қағидатымен белсенді ұзақ өмір сүру, денсаулық мәдениеті және жұртшылықпен байланыс сияқты үш бағыт бойынша жұмыс істейді. Орталықтардың қызметі қарт адамдардың өмір сүру сапасын жақсартуға (пассивті өмір сүру менталдылығын өнімді және белсенді ұзақ өмір сүруге өзгерту), оның ішінде бос уақытты жүйелі ұйымдастыруға (йога, скандинавиялық жүріс, ІТ-сауаттылықты арттыру, мотивациялық және кәсіпкерлік курстар, ағылшын тілі курстары және т.б.) бағытталған.

Еңбек министрлігі сондай-ақ ардагерлер мен қарттардың медициналық-әлеуметтік мекемелерде тұруына мониторинг жүргізуге бастама жасады. Қарт азаматтарға арнаулы әлеуметтік қызмет көрсететін 50 МӘМ-ді (қарттарға арналған үйлер, оның ішінде 45 мемлекеттік және 5 ҮЕҰ) тексеру жоспары бекітілді (мемлекеттік МӘМ-де қызмет алушылардың саны – 5 080 адам, ҮЕҰ-да 362 адам қызмет алады).

Жергілікті атқарушы органдармен және басқа да мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп мониторинг топтары құрылды.

Тексерулер жоспарына сәйкес мониторингтік топтардың жұмысы ағымдағы жылдың қыркүйегіне дейін жалғасады.

Ақпарат көзі: ҚР ЕХӘҚМ баспасөз қызметі