425,82 518.00 5.93
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Самарқанд нанының сыры неде?

  • 262
  • UPD: 12:42, 21.05.2021

Самарқанд таба наны үш жылға дейін дәмін жоғалтпай, жақсы сақталады.

Ерекше нан әлі күнге дейін жергілікті жұрт пен туристер арасында үлкен сұранысқа ие, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жұрт арасында тараған аңыз әңгіме бойынша кезінде Бұхара билеушісі Самарқандтан наубайшыларды алдыртып, өз жерінде тандыр нан дайындағанымен, дәмі бәрібір де дәл түп Самарқанд нанындай бола алмаған көрінеді. Сондықтан Бағзы заманнан бері әзірленетін ас атасының қалай жасалатындығы қазір қалың жұртқа мәлім болса да, Самарқанд таба нанына жете алмайды деседі.

Бұл – Самарқанда бұрыннан жұмыс істеп жатқан наубайхана. Күніне мұнда 200 келіден астам нан пісіреді. Самарқан нанының басты ерекшелігі сол, ол ұзақ уақыт бойы бүлінбейді. Әрі балғын күйінде сақталады.

Ас атасын әзірлеу үшін небәрі 4 ингредиент қажет. Соның бірі – ұн. Оның өзі Қазақстанда жасалған болуы шарт. Сонда ғана нан дәмді болып шығады екен.

Нұриддин Рустамов, наубайшы:

- Қамырды дайындау үшін 1 қап ұнға 16 литр су, 1 келі тұз, сосын 60-70 грамм ашытқы қосылады. Кейін бұның барлығын мына аппаратта 20 минут бойы жақсылап араластырамыз. Сосын қамырды көтеру үшін оны 2 сағатқа жылы жерге қоямыз. Ұнды Қазақстаннан аламыз. Себебі сіздің елде өндірілген бұл өнімнің сапасы өте жоғары. Нанымызға ерекше дәм береді.

Әуелі қамырды жақсылап илейді. Бір қызығы, бұл істі тек ер адамдар атқарады. «Әйелдерге бұның барлығы ауыр болады», - дейді наубайшылар.

Охун Довлонов, наубайшы:

- Самарқандтың наны міне, былай жасалады. Осылай жылдам илейміз. Кейін арнайы мөрді басамыз. Бұл әр наубайхананың өзіндік қолтаңбасы десе де болады. Өйткені олар бір-біріне ұқсамайды. Осылайша, сатып алушы базарда кімнің нанын алғанын біле алады. Егер ұнаса, онда осындай таңбасы бар нанды іздеп, қайта сатып алады.

Риат Шони, тілші:

- Дайын болған қамырды жұмысшылар мынадай тандыр пеште пісіреді екен. Оны салудың да ерекше бір әдісі бар екен.

- Қалай салады?

- Қамырды алып, пештің ішіне жартылай кіреміз де, қабырғасына жапсырамыз.

- Жапсыру керек иә?

- Иә.

- Бола ма көруге?

- Болады.

- Қазір өзім де бір нанды пісіріп көрмекпін. Бұл менің наным болады. Ааа, ыстық қой іші. Жұмыс оңай емес екен. Пештің іші тым ыстық.

Самарқанд нанының бүлінбей, ұзақ сақталуының сыры осы тандыр пеште деседі. Себебі, ол жергілікті жердегі топырақтан жасалған. Оның үстіне Самарқандтың самал желі де нанға ерекше дәм беріп, оның ұзақ сақталуына сеп болатын көрінеді.

Авторлары: Риат Шони, Санжар Шатуляганов

Хабар 24 телеарнасы