Аптап ыстық қашан басылады

Аптап ыстық апшыны қуырып барады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Солтүстік өңірдің өзінде ауа температурасы 38 градусқа дейін жетіп отыр. Көшедегі жұрт көлеңке іздеп кетті. Ыстықтың беті қашан қайтады? Синоптиктер не дейді?

Мұндай ыстық шілденің шіліңгірінде болатын еді. Оңтүстіктегілер үйреніп кеткен ғой. Оларға табиғаттың тосын тартуы десең, былқ етпес. Ал теріскейдегілерді шынында тер басты. Арқаның апшысын қуырып тұр. Көпшілік мұндай күн райы соңғы рет көктемде қашан болғанын да есіне түсіре алмай қойды.

Шөл қысқан жұртты жиі кезіктіресің. Дені көлеңке іздеп жүр. Саябаққа барып, ағаш түбін саялайтындар көп. Сосын субұрқақтарын жағалайды.

Мұндай ыстық жүрегі ауыратын адамдарға қауіпті. Қан қысымы жиі көтеріліп кететін жандардың да мүмкіндік болса, сыртқа шықпағаны жөн. Ал көлігі барлар мына нәрсені қаперден шығармасын.

Күн ысып кетсе, көлік іші де жылдам қызады. Айталық, ауа температурасы 27 градусты көрсетіп тұрса да, күннің көзінде бір сағат тұрған көлік ішіндегі температура 51 градусқа дейін көтеріліп кетеді. Сондықтан балаларды мұндай ыстықта көлікке қалдыруға әсте болмайды. Өйткені, қапыда өрт шығуы мүмкін. Қалай тұтанады дейсіз ғой? Мәселен, көлік ішінде мынадай оттық қалып қойса немесе қарапайым ғана шаш қатыратын лак болса, олар ыстыққа шыдамай жарылады. Соның кесірінен өрт шығады.

Сол себепті аптап ыстықта аса сақ болған жөн. Мамандар мұндай күн райы ертең де сақталады деп сендіріп отыр. Солтүстік аймақта ауа температурасы 38 градусқа дейін көтеріледі. Ал оңтүстікте 40 градустан асып кетеді.

Әйгерім Перепис, «Қазгидромет» РМК инженер-синоптигі:

Аптап ыстық әлі сақталады. Батыс өңірде ауа температурасы 39 градусқа дейін жетеді. Солтүстік аймақта 38 градус шамасында болады. Шығыста 36 градусқа дейін көтеріледі. Ал оңтүстік аймақта термометр бағамы 40 градустан жоғары көрсетеді.

Ауа райы 27 мамырдан бастап ғана аздап салқындай бастайды. Оның өзінде бірден салқындап кетпейді. Синоптиктер ауа температурасы оңтүстіктегі өңірлерде 33 градсуқа дейін, ал солтүстік жақта 28 градусқа дейін төмендеуі мүмкін екенін айтады. Бұл дегеніміз, осы аптаның аяғына қарай аптап ыстықтың беті қайтады.

Авторлар: Дастан Сейілханұлы, Наурыз Базаров