Бүгін – Халықаралық мұхиттар күні

Әлемдегі 4 мұхит жер шарының төрттен үш бөлігін алып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Әрі миллиардтаған халықты асырап отыр. Бірақ адамзат бұл игілікті бағалаудан қалған. Мамандар 2050 жылға қарай мұхиттарда балықтарға қарағанда пластик заттардың саны көп болатынын айтып, дабыл қағуда. Осының кесірінен соңғы жылдары ірі балықтардың тұқымы құри бастаған.

Ернат Мелсұлы, тілші:

- Коронавирус онсыз да асқынып тұрған мұхиттардың ластану мәселесін одан сайын ушықтырып жіберді. Сарапшылардың есептеуінше, індет басталғалы 1 жылдың ішінде мұхиттарға 1,5 миллиардтан астам бетперде тасталған. Бұл бүкіл әлемдегі медузалардың санынан көп. Ал суға тасталған резеңке қолғаптың санын ешкім білмейді.

Адамдар бетперде мен қолғапты мұхитқа тікелей тастамайды. Көшеге лақтыра салған кез келген қоқыс жаңбыр, өзен арқылы теңіздер мен мұхиттарға жетеді. Індет енді тарала бастағанда еріктілер күніне 70 бетперде жинаса, енді олар сағатына 150 маска жинайды екен.

Саманта Арнольд, сүңгуір:

- Індет кезінде мұхиттағы тіршілік иелері адамдардан әжептәуір демалды. Бірақ қазір оларға медициналық бетперде сияқты қоқыстың жаңа түрі қауіп төндіріп тұр.

Тоқтаусыз істеп тұрған өндіріс орындары мен есепсіз салынып жатқан құрылыс жұмыстары да мұхиттарға сор болып тұр. Мыңдаған, тіпті миллиондаған жылдар бойы бүлінбеген тіршілік әлемі құрып барады.

Тим Кристоферсен, БҰҰ Қоршаған ортаны қорғау бағдарламасы бөлімінің басшысы:

- Мұхиттардағы экожүйенің үштен екісі бүлінген. Мұхиттар біздің ғаламшардың 70%-ін құрайтынын ескерсек, бұл сұмдық нәрсе. Қазір әр балықтың ішінен пластик қалдығы табылады. Ал оны біз жейміз. Адамзаттың азық-түлік қауіпсіздіге үлкен қатер төніп тұр.

Халықаралық ұйымдар мұхиттарға 1 мың өзен құятынын анықтаған. Бұл өзендер мұхиттарға тасталған пластиктердің 80%-ін жеткізеді. Сондықтан белсенділер «келесі жылдың аяғына дейін тым құрығанда 15 дарияны қоқыстан тазартуымыз керек» дейді.

Авторы: Ернат Мелсұлы