Таңғы астан бас тарту денсаулыққа қаншалықты зиян

Огайо штатындағы университет ғалымдары таңғы астан бас тартқан адамдардың ағзасы маңызды қоректік заттардың, дәрумендердің жетіспеушілігіне тап болуы мүмкін екенін ескертті, деп хабарлайды «Хабар 24» vokrugsveta.ru сілтеме жасап.

Сарапшылар әр түрлі жастағы 30 000-нан астам АҚШ тұрғындары туралы деректерді талдады. Зерттеуге адамдар шамамен 10 жыл бойы қатысып, өздеріне тиесілі ақпаратты үнемі беріп отырған.

Нәтижесінде әрбір алтыншы қатысушы таңғы астан бас тартқаны белгілі болды. Ғалымдар бұл адамдардың ағзасынан басқаларға қарағанда дәрумендердің жетіспеушілігін байқаған. Ең маңызды саналатын фолий қышқылының, кальцийдің, темірдің, сондай-ақ B2, B3, C және D дәрумендерінің тапшылығы болған. Сондай-ақ олар күні бойы тәттіні көбірек жеген.