Бас қалада 17 шілдеден бастап дәмханалар мен мейрамханалар қалай жұмыс істейді

Елордада карантиндік және шектеу шараларын қатаңдату туралы қаулыға қаланың бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Сархат Бейсенова қол қойды. Жаңа шектеулер 17 шілде күні күшіне енеді, деп хабарлады Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің ресми сайты.

Қол қойылған құжатқа сәйкес мейрамханалардың, кафелердің және кофеханалардың жұмыс кестесі сағат 17:00-ге дейін қысқартылды.

«Орналасқан жеріне қарамастан, оның ішінде ашық ауада (жазғы орындар) мейрамхана, кафе және кофеханалар типі бойынша қоғамдық тамақтану нысандары (үй-жайда) жұмысын күшейтілген санитариялық-эпидемияға қарсы, санитариялық-профилактикалық іс-шараларды және көрші үстелдердің шеткі орындары арасында кемінде 2 метр әлеуметтік арақашықтықты сақтауы тиіс. Ал толымдылығы бойынша 50% дейін, бірақ 30 отыратын орыннан аспайтын шарттарды сақтап, дүйсенбі-жұма күндері сағат 07:00-ден 17:00-ге дейін жұмыс кестесі белгіленді, ал сенбі және жексенбі күндері жұмыс істеуіне тыйым салынған», – делінген қаулыда.

Бұл ретте «Ashyq» жобасына қатысатын қоғамдық тамақтану орындары дүйсенбі-жұма аралығында сағат 07:00-ден 20:00-ге дейін жұмыс істейтін болады, ал сенбі және жексенбі күндері жұмыс істеуіне тыйым салынады.

Ұжымдық, салтанатты, отбасылық, естелік және басқа да бұқаралық іс-шараларды ұйымдастыруға қатаң тыйым салынады. Тек «Ashyq» жобасына қатысатын нысандарда еске алу шарасын өткізуге рұқсат беріледі.