Шегеде тұрудың денсаулыққа қандай пайдасы бар?

Алматылық Сәуле Төреханова шегеде тұрып, көңіл-күйін көтереді.

Шымыр қыздың айтуынша таңертеңгі мұндай 5 минуттық жаттығудың әсері бір шыныаяқ кофеден күшті. Адамның бірден ұйқысын ашып, тез сергітеді.

Қазір мегаполисте дәл осы әдіспен жаттығатындар көбейіп келеді. Бастысы – денсаулыққа пайдаcы зор. Жүйке жүйесі мен қан айналымын жақсартады. Пандемия кезінде шегеге аяқ басқандардың ешқайсысы ауру жұқтырмаған.

Алғашында шеге қағылған тақтайшаға шығу мүмкін емес сияқты көрінеді. Кейін біртіндеп денеңіз үйренеді. Басында 30 секунд қана тұра аласыз, – дейді Сәуле Төреханова. Қазір ол шеге қағылған тақтайшаның үстінде сағаттап тұрады. Бұл жаттығуды күнделікті жасауды әдетке айналдырған. Оның пікірінше, шегеде тұру денеге күш қуат береді. Қанды ретке келтіреді. Сабырлық сақтап, ауырсыну туралы ойламасаңыз болғаны.

Сәуле Төреханова,  қала тұрғыны:

Адам өз денесін босаңсытқанда әрқилы әрекетке баруы мүмкін. Айғалауы немесе күлуі мүмкін. Мен өз басым алғаш рет шегеге шыққанда қатты күлдім. Кейін денем үйреніп кетті. Қазір шегеге шықпай қалсам, бір нәрсе жетпей тұрғандай болады. Ал осы жаттығуды жасасам, денем рахаттанып қалады. Көңіл-күйім көтеріледі. Мұнымен тұрақты айналысқан адам күйзеліске ұшырамайды.

Бұл әдіс біздің елге Үндістаннан келді. Жалаңаяқ шеге қағылған тақтайшаға шығу – қауіпті дейтіндер де болуы мүмкін. Бірақ шын мәнінде олай емес. Тақтайшаға шеге өте жиі қағылған. Сондықтан аяққа кірмейді. Қайта тіндерді оятып, ағзаға оң әсерін тигізеді.

Сәуле Төреханова, қала тұрғыны:

Әрине, иммунитет жоғарылайды, зат алмасу жақсарады. Тіпті арықтауға да көмектеседі десем, артық айтпаған болар едім. Өзім көріп жүрмін. Біраз адамдар артық салмақтан арылды. Бірақ бұл әдісті тұрақты түрде қолданып жүргенде ғана нәтиже беретінін естен шығармаған жөн.

 «Адамның табанында 70 мыңнан астам жүйке талшығы бар. Олар тітіркенгенде күш бүкіл денеге жайылады. Осы сәтте діріл пайда болады», – дейді Сәуле.

Кез келген адам шегеге тұра алады. Тек оған алдын-ала бейімделіп алу керек. Сондай-ақ шегеде 3 минут тұру 10 шақырым жүруді алмастырады деген дерек бар.

Авторлары: Қарлығаш, Қайыпбекова, Шапағат Мырзабекова, Сержан Жұмабаев