Елордада сенбі және жексенбі күндері қоғамдық көліктер жүрмейді

Бұл күндері автобустарда ауқымды дезинфекциялық жұмыстар жүргізіледі.

Эпидемиологиялық жағдайдың нашарлауына байланысты санитарлық дәрігердің қаулысы бойынша шектеу шаралары күшейтілді, деп хабарлайды Нұр-Сұлтан әкімдігінің ресми сайты.

Елорданың санитарлық дәрігерінің қаулысына сәйкес, қалалық қоғамдық көліктер сенбі және жексенбі күндері жүрмейді. Бұл күндері автобустар дезинфекциядан өтеді, ол бірнеше кезең бойынша жүзеге асырылады. Елорда автопарктерінде автобустар адам денсаулығына зиян келтірмейтін арнайы дезинфекциялық құралдармен өңделеді.

Жұмыс күндері қоғамдық көлік штаттық режимде жүреді, қарбалас уақытта автобустар саны көбейеді.

Ал соңғы аялдамада автобус салондары дезинфекциялау құралдарымен өңделеді.

Естеріңізге сала кетейік, жолаушы қоғамдық көлікте маска режимін қатаң сақтауы керек. Жол жүру төлемі тек қолма-қол ақшасыз жүргізіледі.

Айта кетейік, ҚР аумағында коронавирустық инфекцияның пайда болуы мен таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссия отырысының хаттамасы негізінде санитарлық дәрігердің карантинді қатайту туралы қаулысы қабылданды.