Антидене мөлшеріне қарамай вакцина алу қажет – елордалық дәрігер

Қазіргі уақытта жер бетінде халықты вакцинациялау коронавирустық инфекцияның таралуын тоқтатудың және пандемияны жеңудің жалғыз тиімді әдісі болып саналады.

Дегенмен иммундаудың маңыздылығын түсінбейтіндер және оны мойындамайтындар да жоқ емес. КВИ-ға қарсы вакцинациялау жөнінде өзекті сұрақтарға елорданың №2 қалалық емханасының терапевт-дәрігері Әсемгүл Есмағамбетова жауап берді, деп хабарлады Нұр-Сұлтан әкімдігінің ресми сайты. 

Вакцинацияға қарсы топтың айтатын уәжінің бірі – екпеден кейін де адам коронавирус жұқтырады. Негізі вакцина алғандарға ешнәрсе зиян тигізе алмайды деген пікір – қате. Вакцинаның міндеті – инфекция жұқтырған жағдайда оны жеңіл өткеру.

«Адам вакцинациядан кейін неліктен ауырады? Оның бәрі эпидемиологиялық тәртіпті сақтамаудың салдары. Яғни адам көп жиналатын орындарда бетперде тақпайды, таққан жағдайда мұрнын ашық қалдыруы, иегіне дейін ғана тағуы мүмкін, қол гигиенасы мен әлеуметтік қашықтық сақталмайды. Вакцина алған адамда иммунитет дамуы үшін екінші екпеден кейін кемінде 60 күн тиісті режимді сақтау қажет», - деп атап өтті Әсемгүл Есмағамбетова.

Оның айтуынша, егер адам COVID-19-бен ауырса, жазылғаннан кейін үш айдан кейін вакцинаны алғаны дұрыс. Мұны қорғану сапасын арттыру үшін жасау керек.

«Өкінішке қарай, қазір КВИ-ді қайта жұқтырғандар бар. Егер адам ауырмаса, сол сияқты антиденелері болса да вакцина алуы керек. Өйткені, қазір вирустың жаңа түрі – дельта штаммы таралып жатыр, науқастар қатары күн санап артуда», - деп түсіндірді дәрігер.

Спикер сондай-ақ екпе пунктерінде коронавирусқа қарсы вакциналар қандай жағдайда сақталатынын түсіндіріп өтті:

«Спутник V» вакцинасы -18 градуста және одан да төмен температурада сақталады. Мұздатқыштарға -23 градус температурасы қойылған. Ал қалған вакциналарды +2+8 градус температурада сақтауға болады. Емханадағы жағдайдың бәрі пунктерде де сақталады. Температуралық режимге бақылау күніне екі рет жүргізіледі және деректер журналына жазылады.

Дәрігердің айтуынша, адамзатты коронавирустан қорғаудың жолы – вакцинация және эпидемиологиялық шараларды сақтау: бетперде тағу, қол жуу, адам көп жиналатын іс-шараларға бармау.

Екі түрлі вакцинаны алу мәселесіне келетін болсақ, дәрігер оны кеңес етпейтінін мәлім етті.

«ДДСҰ атап өткендей, әлемде түрлі өндірушілердің вакциналарын араластырудың тиімділігі мен қауіпсіздігі туралы нақты мәлімет жоқ. Бірінші және екінші компонентті екі түрлі вакцинадан алу түсініксіз жайтқа апаруы мүмкін. Оны араластырудың тиімділігі туралы нақты мәлімет жоқ. Сондықтан ДДСҰ халықты иммундау үшін препараттарды біріктірудің қауіпсіздігі мен орындылығы туралы жеткілікті ақпарат болмайынша, вакцинаның бір түрін алуды кеңес етеді. Мен де вакциналарды араластырудың қажеті жоқ, әдістемелік ұсынымдарға сәйкес бір түрін алған дұрыс деп есептеймін. Себебі вакциналардың құрамы әртүрлі», - деп қорытындылады Әсемгүл Есмағамбетова.

Сондай-ақ...