ЖОО-ға құжат қабылдау мерзімі ұзартылды

Биыл жоғары оқу орындарына құжат қабылдау мерзімі 28 тамызға дейін ұзартылды, деп хабарлады Елорда Инфо.

Білім және ғылым министрлігінің мәліметінше, мұндай шешімді БҒМ Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаменті қабылдаған.

«Бұл ретте құжат қабылдау мерзімдерін ұзарту бойынша келіп түскен өтініштер саны ескерілді. Білім беру гранты иегерлеріне де, ақылы негізде оқуды жоспарлап отырғандарға да мүмкіндік берілді», – деді Білім және ғылым вице-министрі Қуаныш Ерғалиев.

Еске сала кетсек, бұған дейін құжаттарды 25 тамызға дейін тапсыру қажет болатын. Қазір білім гранты иегерлерінің өтінімдері eGov.kz электронды үкімет порталы арқылы қабылданып жатыр. Ал ақылы негізде оқу үшін ЖОО виртуалдық қабылдау комиссияларына жүгіну қажет. Олардың тізімі БҒМ Ұлттық тестілеу орталығының сайтында орналасқан.