Вакцинациядан кейін тұрақты иммунитет қанша уақытта қалыптасады?

Бүгінгі таңда Нұр-Сұлтанда коронавирусқа қарсы вакцинаның бірінші компонентін 418 мыңға жуық адам алды, ал 358 мыңнан астам азамат толық иммундаудан өтті. Вакцинациядан кейін адам ағзасында вирусқа қарсы тұрақты иммунитет қанша уақытта пайда болады? Бұл сұраққа Нұр-Сұлтан қаласының ШЖҚ "№2 қалалық емхана" МКК егу кабинетінің дәрігері Әйгерім Аймақова жауап берді, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.

«Вакцинациядан кейін организмдегі бірінші иммундық жауап алғашқы дозаны салғаннан кейін 12-14 күннен бастап қалыптасады, бірақ тұрақты иммунитет 32–45 күннен кейін, ең ұзақ дегенде 56 күнге созылуы мүмкін. Сондықтан осы инкубациялық кезеңде сақтық шараларын толық сақтаған жөн, яғни бетперде тағып, арақашықтықты сақтау керек», - дейді дәрігер.

Екпе алған адамдар арасында да вирус жұқтыру жағдайларының кездесуі осыдан дейді маман. Алайда вакцина салдырған адам ауруды әлдеқайда жеңіл өткереді. Дұрыс (барлық ережелерді сақтау арқылы) вакцинациялау иммундық жүйені вирусқа қарсы тұруға дағдыландыра алады. Сондықтан ауруды жұқтырғанның өзінде ол жеңіл түрде, симптомсыз өтуі мүмкін.

Жақында Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой ревакцинация уақытын мәлім етті. Ақпан айында алғашқы лекпен екпе алғандар осы күзде, яғни қазан айында қайтадан вакцинациялануы мүмкін. Ал ревакцинациядан кейін адамда қандай реакциялар болуы мүмкін?

«Ревакцинация нақты қай кезде басталатыны белгісіз. Бірақ, ол болған жағдайда барлық азаматтың алуы міндетті. Ревакцинациядан кейін де алғашқы 3 күнде реакциялар болуы мүмкін, әркімде әр түрлі өтеді. Вакцина инфекциялық агенттерді – ауру тудыруы мүмкін вирустарды, бактерияларды немесе басқа да микроорганизмдерді имитациялайды. Осылайша адамның иммундық жүйесі тез және тиімді жауап беруге үйренеді. COVID-19-ға қарсы вакцинациялау кезінде ауру тудырмайтын, бірақ, сонымен қатар, иммундық жауапты қауіпсіз генерациялайтын, инактивацияланған немесе әлсіздендірілген вирусты пайдалана отырып фрагменттер қолданылады», - дейді Айгерім Аймақова.

Елордадағы №2 қалалық емханада күніне 400-ге жуық адамға екпе салынады. Қазіргі таңда мұндағы вакциналау пунктінде қазақстандық вакцина-Qaz-Vac , ресейлік Sputnik-V және қытайлық Vero Cell – sinopharm вакцинасы бар.

«Әрбір вакцинаның жарамдылық мерзімі және белгілі бір адамдар санына есептелген дозасы бар. Спутниктен бастайық, бірінші және екінші компоненттер бір-бірінен ерекшеленеді, 1 және 2 компоненттер үшін біз ампуланы ашпас бұрын 5 адамды жинаймыз, өйткені вакцинаның жарамдылық мерзімі 2 сағат, яғни ампуланы ашқаннан кейін 2 сағат өтсе қолдануға, қайта мұздатуға болмайды. Qaz Vac, 1 және 2 компоненттерінің вакцинасы бір-бірінен ерекшеленбейді, 3 адамға есептелген, жарамдылық мерзімі флаконды ашқаннан кейін -2 сағат. Vero Cell вакцинасы, 1 және 2 компоненттері бір - бірінен ерекшеленбейді, 2 адамға арналған, сақтау мерзімі – 2 сағат», - деп түсіндірді дәрігер.

Айгерім Аймақованың айтуынша, 2 компонентке 4 немесе 5 айдан кейін кешігіп келетін пациенттер де бар екен. Мұндай жағдайда оларға вакцинаның тиімділігі азаятыны түсіндіріледі.

Айта кетейік, бүгінде COVID-19 вирусымен күресудің ең тиімді жолы вакцинация болып саналады.