Елімізде жүргізуші куәліктерін беру қызметі уақытша тоқтатылды

Елімізде мамандандырылған ХҚКО-ларда жүргізуші куәліктерін беру мемлекеттік қызметі бойынша клиенттердің қабылдауы уақытша тоқтатылды.

Бұл туралы «Азаматтарға арналған үкімет» ММ баспасөз қызметі хабарлады.

«Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің базасындағы ақауға байланысты айыппұлдар мен көлік жүргізу құқығынан айыру туралы мәліметтерді алу мүмкін емес. Сондықтан ел аумағындағы мамандандырылған ХҚКО-ларда жүргізуші куәліктерін беру мемлекеттік қызметі бойынша клиенттердің қабылдауы уақытша тоқтатылды. Жауапты орган база жұмысын қалпына келтіріп жатыр», – делінген мәліметте.

Мамандандырылған ХҚКО-ларда қабылдаудың қайта жүргізіле бастағаны туралы ақпарат қосымша хабарланатын болады.