Ана сүтіндегі антиденелер сәбилерді қорғайды

Ананың сүтімен сәбилерге берілетін антиденелер коронавирусқа қарсы төтеп бере алады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Демек сәбилердің бойында вирусқа қарсы иммундық жүйе қалыптасады. Нью-Йорк және Рочестер университеттерінің жанындағы медициналық орталық ғалымдары бірлескен зерттеу нәтижесінде осындай қорытындыға келді. Зерттеу жұмысына 77 ана қатысты. Сүт құрамын зерттеген ғалымдар антидененің екі бірдей түрін анықтаған.

Айта кетерлігі, зерттеуге қатысқан 47 келіншек коронавируспен ауырған, ал қалған 30-ы вакцина салдырған.

Ғылыми баяндамада келтірілгендей, ковидпен ауырған аналардың сүтінде иммуно глобулиннің А тобы, ал вакцина салдырған келіншектерде иммуноглобулиннің Г тобы анықталды. Екеуі де коронавирус инфекциясын бейтараптандыра алады.