Үй саудасын небәрі 15 минутта онлайн рәсімдеуге болады

Үйді онлайн сатып алуға болады. Тіпті пәтерді небәрі 15 минутта рәсімдеуге мүмкіндік туды. Жылжымайтын мүлікті тіркеу процестері цифрлық форматқа ауыстырылады. Бұл блокчейн технологиясы арқасында іске асады. Жылжымайтын мүлік рәсімдеу үдерісіне тың технология енгізу заман талабы дейді мамандар.

Бұрын пәтер сатып алу үшін апталап құжат жинауға тура келетін. Ал жаңа қызмет арқылы келісім-шартты бар-жоғы бір күнде рәсімдеуге болады. Тың технологияның артықшылығы сол, блокчейн деректерді біріктіру мен сақтауда ең қауіпсіз жүйе саналады. Бұл жүйе үй алу мерзімін қысқартып қана қоймай, сатып алушыларды құжат жинау машақатынан босатады.

Бағдат Мусин, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыштық өнеркәсібі министрі:

- Басқа да құрылыс компаниялары, құрылыс нарығы, банктер болсын осы пилоттық жоба арқылы барлығына бірдей осы базаларға қолжетімді болады. 

Пәтерді онлайн сатып алу процесі қашықтан келісім жүргізуге мүмкіндік туғызды. Мамандар жылжымайтын мүлік нарығында мұндай қызмет бұрын-соңды болмағанын айтады. Бүгінде онлайн ипотеканың толық кезеңі BI group пен Altyn Bank сайтында жүзеге асырылады.

Айдын Рахимбаев, BI Group  директорлар кеңесінің төрағасы:

- Біз бұл жүйені бірінші болып қолға алғандардың біріміз. Жаңа жүйені енгізу үшін 50 миллион теңге инвестиция құя отырып, бар ынтамызды салдық. Әрі мұнда нотариусқа төленетін 49 мың теңге деген болмайды. Бұның бәрі артта қалды. Барынша жаңа технологиямен жұмыс істеуге ұмтыламыз.

Үйді онлайн сатып алудың артықшылығы сол – тұрғындар «бір терезе» қағидатына жүгіне алады. Нотариаттық қызметтер бұл жүйеде жоқ, ал келісім шартты куәландыру халыққа қызмет көрсету орталықтарында жүргізіледі.

Айнұр Қуатқызы, Нұрғали Мамырбаев