Елімізде ауа сапасын жаңа қосымша арқылы білуге болады

Самал ескен Арқа жерінде де ауаның ластанатын кезі бар. Елордада кейінгі аптада лас ауа Тәуелсіздік және Ахмет Байтұрсынов көшесінің бойында байқалды. 

Енді ауаның осындай таза, таза еместігін Қазгидромет қана емес, тұрғындар да Air.kz қосымшасы арқылы біле алады. Өйткені елордада арнайы датчиктердің саны көбейді. Таяуда Қазгидромет  Тәжірибелік экологтар қауымдастығымен бірлесіп ауадағы шаң-тозаңның құрамын анықтайтын 5 құрылғы орнатты. Бұған дейін мұндай құрылғы Алматы, Өскемен және Ақтөбе қалаларына қойылған. Барлығы біріңғай базаға қосылды. Жалпы елдегі 45 елді мекенінде 146 экологиялық бекет бар. Бұл бекеттерді орналастыру кезінде тұрғындары тығыз әрі ауасы жиі ластанатын аудандар таңдалған. Ал елорданың өзінде  ауаның сапасын бақылайтын 10 бекет жұмыс істейді. Оның алтауы автоматты түрде қосылады. Яғни базадағы мәліметтер сағат сайын жаңарады.

Алина Исмағұлова, «Қазгидромет» РМК баспасөз хатшысы: 

- Жыл сайын ауаның сапасын бақылайтын бекеттердің санын көбейтіп жатырмыз. Биыл 30 станция сатып алып, тұрғындар жиі шағымданатын елді мекендерге орнаттық. Ол бекеттер бірыңғай базаға қосылған. Енді ондағы мәліметтер жинақталып апта сайын қорытынды жасаймыз. Егер ауа немесе судың ластануы шектен шыққан өңір анықталса жауапты органдар зерттеу жүргізіп, оны жоюға бағытталған алгоритм бойынша жұмыс атқарады.