Жануарды қорлап, түсірген видеороликтерді әлеуметтік желіде жариялауға тыйым салынды

Енді үйдің, түздің жануарын қорлап, видеоға түсіріп, оны әлеуметтік желіде жариялауға да рұқсат жоқ. Парламент Сенаты жануарларды қорғау туралы жаңа заң қабылдады. Сонымен қатар бұдан былай көкпар жасанды серкемен ойналады.  Бұл талап орындалмаған жағдайда жарыс ұйымдастырушылары қомақты айыппұл төлейді. 

Ұлттық спорт көкпар енді серкесіз өтеді. Ойыншылар байырдан келе жатқан ережені өзгертуге мәжбүр. Оның орнына жасанды нұсқасы қолданылады. Яғни муляж. Бүгін Парламент Сенаты жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы заңды қабылдап, ұлттық спортқа қатысты осындай шектеу енгізді. Құжатты Экология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев таныстырды. Заң екінші оқылымда қабылданды. Бұған дейін Мәжілісте мақұлданды. 

Бекболат Тілеухан, Ұлттық спорт қауымдастығының төрағасы:

- Қазақтың дәстүрі бойынша ортаға серкені бауыздап тастағаннан кейін ол әбден отбивной котлет деген сияқты, серкенің қуырдағын пісіріп жеу деген өз алдына дәстүр. Сол нәрседен айырылып қалайын деп отырмыз. Осы нәрсе мазаламайды емес. Дегенмен, өркениет жағына өтудің талабы. Жаппай бұл талапты қоймаспыз. Негізгі ресми жарыстарға қоямыз деп отырмыз.

Әуелгіде ит-мысық, балықты аяусыз қырудан қорғау мақсатында қолға алынған заң тұтас жануарлар әлемін қамтыды. Оларға қатігездік танытқандарға 5 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады. Заңды тұлғалар үшін бұл сома 4 есе көп. Ал 16 жасқа толмаған балалардың жануарлармен серуендеуіне рұқсат жоқ. Жергілікті әкімдіктер болса, өңірдегі қаңғыбас иттердің есебін жүргізіп, уақытылы вакциналап тұруға міндетті. Бұған да бюджеттен арнайы қаржы бөлінеді.

Мұхтар Жұмағазиев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

- Атқарушы органдарға да біраз міндеттер жүктелді. Есебін ұйымдастыру, қаңғыбас иттер есебін, оларды ұстау, панажай салу, жағдай жасау қарастырылып отыр. Бюджеттен қаражат бөлінеді. Вет-санитарлық вакцинация жүргізу сынды жұмыстар.

Бұдан былай жануарларға қатысты қатыгез әрекеттерді көрсететін бейнероликтерді әлеуметтік желіде жариялауға да тыйым салынады. Бірақ бұл норма бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің жұмысын шектеуі мүмкін. Себебі көпшілік және құқық қорғау органдары аталған санаттағы қылмыстармен тек БАҚ арқылы таныса алады.

Мұхтар Жұмағазиев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

- Бұл БАҚ беттерінде енді жануарларға қарсы жасалатын қатігездікті көрсетуге толық тыйым салынады деген сөз емес. Заң жан-жақты қаралды. Талқылаудан өтті. Біздің ойымызша, мұндай бейнероликтер адамдардың психикасына кері әсер етуі мүмкін. Балаларға да зиянын тигізеді. Сондықтан норманы дұрыс деп ойлаймыз.

Әзірге заң толық күшіне енген жоқ. Парламенттен Президенттің қол қоюына жіберілді.  

Рауан Мыңбаев, Аят Дүйсебаев