БҚО-да боран: тағы бір республикалық жол жабылды

Батыс Қазақстан облысында боран борап, республикалық жолдар жабыла бастады, деп хабарлайды Хабар 24

«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ БҚО филиалының мәліметіне қарағанда, 26 желтоқсан күні сағат 11.10-нан бастап республикалық маңызы бар Подстепный-Федоров-РФ шекарасы жолында барлық көлік түрлері үшін қозғалысқа шектеу қойылды. Жабылу себебі – қатты боран. Қазіргі кезде облыс бойынша республикалық маңызы бар Орал-Тасқала-РФ шекарасы, Орал қаласынан Ресей шекарасына дейінгі Самара-Шымкент, сондай-ақ облыстық Тасқала-Аққурай-Болашақ-РФ шекарасы, Үлкен Шаған-Переметный жолдары жабық.

Облыстық  ТЖ департаментінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, облыс бойынша жолда қалған автокөліктерден бірнеше адам құтқарылды. Орал қаласының өзінде боран соғып тұр. 

Күн 5 градус шамасында суық. Желдің жылдамдығы секундына 12 метрге жетеді. Мамандардың ескертуіне қарамастан, алыс жолға шығып кеткен жолаушылар да бар. Бәйтерек, Ақжайық аудандарында 2 көлік қар құрсауында қалып қойған. Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері 7 адамды құтқарды. Олардың екеуі – бала. Төтенше жағдайлар қызметі, халыққа алыс сапарға шықпауды ескертеді. Көмек керек болаған жағдайда 1403 нөміріне хабарласуға болады. Сall-орталық тәулік бойы жұмыс істейді. 

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да боранға байланысты республикалық жолда қозғалыс шектелгенін, Оралда күшті жел бес қабатты тұрғын үйдің шатырын жұлып әкеткенін жазған болатынбыз.