Қазақ халқы қыстың қытымыр аязына қандай атаулар берген

Халық даналығына сүйенсек, әр мезгілдің өзіндік ерекшелігі мен таным-түсінігі бар. Мысалы, қазір қыстың қытымыр шағының бораны мен аязының өзіне қазақ түрлі атау берген, деп хабарлайды Хабар 24.

Сары далаға сарышұнақ аяз жетті. Бұған дейінгісі Қырбастың қызылшұнағы еді. Өзінен бұрын малының амандығын ойлайтын қазақ аяздың да түсін түстеп, атын атап қойыпты. Сөйтіп аяздың қызылы қайсы, сарысы қайсы? Жылқы жарықтық болмаса, өзгесін алты ай қолға қаратып қоятын қысты қазақ баласы зерттеп баққан сыңайлы. Құр зерттеп қана қоймай, әр құбылысына белгі сап, атын атап, тіпті түсін де түстеп қойған. Көкшұнақ, ақшұнақ, қызылшұнақ, сарышұнақ, қоңыршұнақ – осы аяздың атауы. Әрқайсының өз  мезігілі бар.

Этнограф Төрехан Майбастың айтуынша, қазан айының басында келетін шымшыма аяз – ақшұнақ аяз, көкшұнағы қараша мен желтоқсанның өліарасы. Желтоқсаның басы – Қырбастың қызылшұнағы. Қоңыры ақпан айына келеді. Ал осы шақ – сарышұнақ аяздың басы.

Төрехан Майбас, жазушы, этнограф:

– Арқада өтетін аяздың қауіптісі – сарышұнақ аяз. Ол 10 күнге созылады. 17-сі-27-сі аралығында болады. Бір айтып өтер нәрсе, қазақтар бәрін білген ғой, аяз болған кезде боран болмайды. Боран болғанда аяз болмайды. Оны жақсы білу керек. Сондықтан 17-27-сі аралығында өте қатты аяз болады.  

Сарышұнақ аяз биыл арқаны ғана емес, біраз өңірді қамтып тұр. Алды 32 градусқа дейін барады.

Алина Есмағұлова «Қазгидромет» РМК баспасөз хатшысы:

– Республиканың басым бөлігінде жауын-шашынның тоқтауы байқалынады және солтүстік-батыста, солтүстікте, орталықта ауа температурасы біртіндеп төмендейді. Ал бірінші онкүндіктің соңында және ҚР шығысында түнгі сағаттарда термометр бағандары -17-32°С-қа дейін, оңтүстік жартысында -3-13°С-қа дейін, батысында -8-23°С-қа дейін төмендейді. 

«Заманына қарай амалы». Табиғаттың құбылыстарын зерделеп, амалға бөліп қойған қазақтың есепшілері қыста отырып, жаздың қалай боларын да білген.

Төрехан Майбас, жазушы, этнограф:

– Келесі жылдың жазы қалай болады, шөбі қалай болады, суы қалай болады деген әңгіме бар. Сонда есепшілеріміз осы мынау сарышұнақ аяз осы 17-сінің алдында жерді қазады екен кісі бойына дейін қазады дейді егер шаң шығып жатса, келесі жылы қуаңшылық болады деген сөз екен.

Сөйтіп қызылшұнақ өтті, сарышұнақ жетті. Қаңтардың аязы бойды қарығанымен, күннің райы баяғыдай емес. Жаһандық жылынудың салдары сары даланың да дәстүріне өзгеріс әкелген. Топырағы да өзгеріп барады. Ал аяз атаң ешкімді менсінбейді. Сол себепті алда-жалда жолға шықсаңыз бөрітон киіңіз дейді этнограф.

Сондай-ақ...