Stop Fake айдары: Омикрон адамның шашы арқылы жұғады

Коронавирусты ингаляциямен емдеуге болады. Барлық мектеп қаңтардың 24-інде дәстүрлі білім беру форматына ауысады. Омикрон штамы шаш арқылы жұғады. Әлеуметтік желіде осындай түрлі жалған ақпарат тарап жатыр. Жауапты ведомство мұндай хабарламаларға назар аудармай, тек ресми ақпаратқа сенуге шақырды. 

Коронавирусты физиологиялық ерітінді және лидокаин қоспасымен ингаляция жасау арқылы емдеп шығуға болады. Әлеуметтік желіде осындай жалған ақпарат тарап жатыр.

Лео Болот:

«Коронавирусты 7 күнде емдеп шығуға болады. Ол үшін небулайзерге 1 мл физиологиялық ерітінді мен 1 мл лидокаин құю керек. Күніне 4-5 рет 2 минуттан дем алған жеткілікті».

Мамандар ем-домның бұл түріне уақыт жоғалтудың қажеті жоқ дейді. Мұндай ингаляцияның зияны болмағанымен пайдасы да шамалы. Одан да дәрігердің көмегіне жүгінген жөн.

Александр Марченко, ҚМУ Ішкі аурулар кафедрасының профессоры:

«Бұл емдеу әдісінің тиімділігі өте күмәнді. Одан тікелей зиян жоқ, бірақ салдарынан уақыт жоғалтып алуыңыз мүмкін».

Барлық оқу ордасы дәстүрлі форматқа оралады 

Қаңтардың 24-інен бастап барлық оқушы мен студент дәстүрлі форматта оқуға көшеді. Мессенджерлерде осындай ақпарат тарап кетті. Алайда елдің білім және ғылым министрлігі бұл хабарламаны растаған жоқ. Ведомствоаралық комиссияның шешіміне сәйкес, оқушы саны 600-ге жетпейтін білім ордалары толыққанды жұмыс істейді. Ал 600 баладан артық оқитын мектептердің жобалық қуаттылығы 50 проценттен аспауы керек.

Мөлдір Әбдіуәлиева, ҚР БҒМ баспасөз хатшысы:

«Білім және ғылым министрлігі 1-4 сынып оқушылары үшін дәстүрлі білім алу форматын сақтауды ұсынып отыр. Ал 5-11 сынып оқушылардың ата-аналарының пікірін ескеріп, аралас оқу форматын қолдануға болады».

Омикрон шаш арқылы жұғады 

Коронавирустың омикрон штамы адамның шашы арқылы жұғады. Желіде тараған бұл ақпарат шындыққа жанаспайды. Шашта вирус болса да, ол тез жойылып кетеді. 

Ержан Байтанаев, санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің ресми өкілі:

«Коронавирустың барлық түрі негізінен ауа арқылы, яғни науқас жөтелгенде немесе түшкірген кезде жұғады. Осы орайда азаматтарға әлеуметтік арақашықтықты сақтауды ескертеміз».