Мамандар қазақ тілін жетілдірудің тың тәсілдерін ұсынады

«Тіл қазына» орталығының ғалымдары мемлекеттік тілді оқытудың 10 инновациялық бағдарламасын ұсынды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Digital жобалар тіл байлығына, сөз тіркестерінің жазылу емлесін тексеруге және терминдердің қазақ тіліндегі нақты баламасын табуға септеседі. Бұл мемлекеттік тілді меңгеруге ниетті жандарға ғана емес, қазақ тіліндегі мәтінді өңдеумен айналысатын кәсіби мамандарға да зор көмек, – дейді құрастырушылар.

«Тіл Қазына» орталығы ұсынған IT жобаның бірі әрі бірегейі  Sozdikqor.kz сайты. Мұнда 400 мыңға жуық атау тұлғалық сөз және олардың толық мағынасын беретін 1,5 млн тілдік бірлік енгізілген. Яғни іздеу жолағына көнерген сөзді енгізсек, оған қатысты деректердің барлығы автоматты түрде шығып, оның шығу төркініне үңілуге мүмкіндік береді.

Мөлдір Бақытқызы, ақпараттық технологиялар басқармасының жетекшісі:

– Мысалы, «Санжар» деген сөзді алайық. Қазақ тіліндегі кез келген сөздің мағынасы бар, шығу төркіні бар. Біз «Санжар» деген сөзді жалпы адамның есімі ретінде білеміз ғой. Ал мысалы, сөздік қорға енгізсеңіздер «санжар» деген «сатурн» деген сөздің көне атауы деген қызықты ақпар бар. Осындай ақпараттарды сөздік қор жобасынан білуге болады немесе санжар деген көне түркі тіліндегі шансора деген есімнің  дыбыстың алмасуынан шыққан деген сияқты ақпараттарды білуге болады.

Былтыр мамандар Sozdikqor жобасына «синонимайзер» атты жаңа функция қосты. Бүгінде бұл функция 58 мың синонимдік қатар ұсына алады. Мәтіндегі бір сөздің бірнеше рет қайталануын болдырмас үшін сол сөзді синонимайзерге енгізсе жеткілікті. Ол лезде мағыналық жағынан ұқсас сөздердің қатарын тауып береді. 

Мөлдір Бақытқызы, ақпараттық технологиялар басқармасының жетекшісі:

– Бұл жердегі функция сөздің түбір нұсқасын ғана іздемейді, сонымен қараңыздар 10 мың символға дейін мүмкіндік бар. Яғни біз осында мәтінді де салып, мысалы шартты түрде 1 бет 2 мың символ дейтін болсақ, онда 5 беттік материалды салып, толығымен перефраз жасап, келесі беттен алуға болады.

Алдағы уақытта мамандар Sozdikqor сайтына антоним мен омонимдерді іздеу функциясын қоспақ. Ұтымды жобаның тағы бірі Emle.kz. Ол жекелеген сөздер мен тұтас сөз тіркестерінің дұрыс жазылуын айқындап береді.

Мөлдір Бақытқызы, ақпараттық технологиялар басқармасының жетекшісі:

– Нақты ақпарат орфографиялық сөздіктен алынады, 2013 жылы бекітілген сөздік. Ахмет Байтұрсынов атындағы тіл институты бекіткен сөздік бар. Сол сөздік ішіндегі әрбір тілдік бірлік бұрын біз кітаппен қарап, іздеп отыратын болсақ. Енді олай жасаудың еш қажеті жоқ. Яғни ішіндегі сөздерді мінекей мына жерге жазасыздар. Мысалы журналист делік. Журналистер деп көпше жалғау қосатын болсақ, онда бір  түсіп қалады. Осындай сияқты заңдылықтың барлығы осы емле кз-те тұр.

Салалық терминдерді қазақ тіліне аудару мәселесіне келгенде қарапайым қолданушылар былай тұрсын, филолог мамандардың өзі қиналып қалатыны рас. Дәл осы кезде termincom.kz сайты көмекке келе алады. Мұнда 377 мыңнан астам термин, мысалдарымен бірге қолданылуы аясы келтірілген.

Айта кетерлігі, сайтта терминдердің қазақша нұсқасын ұсыну мүмкіндігі бар. Ол үшін «алаң» атты бөліміне тіркеліп, өз нұсқаңызды жіберуге болады.

Мөлдір Бақытқызы, ақпараттық технологиялар басқармасының жетекшісі:

– Мысалы, бір жақсы ұсыныстар айтылады осы алаңның ішінде.  Мысалы, степлер, иә? Степлерді біз үнемі қолданамыз ғой. Соған мысалы жақсы ұсыныстар айтылды, журналистердің тарапынан «тістеп ілер». Тістейді, іледі иә? Бұл жерде дыбыстық алмасу ғана болады, ал бірақ қызметі бірдей. Сол сияқты әдемі бір ұсыныстар болса, ұтымды. Онда осы алаңға жолдайды.

Жалпы қай тіл болмасын, оны меңгерудің бірнеше сатысы болады. Ғалымдар солай дейді. Жалпақ тілде айтар болсақ, нан сұрап жеу үшін адамға шамамен 800-900 сөз үйрену керек екен. Бұл мектепте меңгерілетін сөздік қордың  деңгейі.

Ербол Тілешов, Ш.Шаяхметов атындағы «қҚазына» ғылыми-тәжірибелік орталық директоры: 

– Қазіргі кезде мектепте, орыс тілді мектептерде мың сағаттан аса үйретіледі. Егер мың сағатында бала бір сөз жаттай алса, онда жаңағы 800-900 сөзге бара аламыз. Ал жалпы газет оқу үшін, телевизор қарау үшін, фильм көру үшін үш, үш жарым мың сөз білу керек. Ал біздің межелеп отырған сөз алты жарым мың, жеті мың сөз.

Тіл – тірі ағза іспеттес. Үнемі өсіп, өніп, өзгеріске ұшырайды. Тілдің осы қасиетін ескерген «Тіл қазына» орталығының мамандары 2020 жылы қазақ тілін оқытудың ұлттық тұжырымдамасын дайындаған. Тұжырымдамаға сәйкес, мемлекеттік тілді үйретудің жүйелі әдістемесі мектептерден бастап барлық мемлекеттік мекемелерде қолданылмақ.

Авторлары. Бақыт Топтаева, Камилла Тастанбекова