Алманың қай түрі денсаулыққа пайдалы

Алмада темір мен басқа да пайдалы заттар көп екендігі ешкімге құпия емес. Сонымен қатар нәзікжандылар артық салмақтан арылу үшін бұл жеміс түрін жиі пайдаланады.

Талғамға талас жоқ, бірі қызыл алманы жақсы көрсе, кейбірі жасыл алманы ғана жейтінін айтып жатады. Басқалары кептірілген түрін ұнатады. Сонымен алманың қай түрі денсаулыққа пайдалы?

Мамандар бұған былай жауап береді, деп хабарлайды «Хабар 24» golos.ua сілтеме жасап.

Калориясы

Жаңа піскен немесе пісірілген алмадағы калория мөлшері 100 граммға 50 килокалориядан аспайды, ал кептірілген алмада ол 250 килокалорияға дейін артады. Сондықтан кептірілген алманы немесе қант қосылған компотты диеталық өнім деп санау дұрыс емес. Сондай-ақ, диетолог пеште пісірілген алма асқазанға майлы тағамды жақсы сіңіруге көмектесетінін атап өтті. Сонымен қатар, олар ішекке пайдалы пектиннің жеткілікті мөлшерін сақтайды.

Тәтті немесе қышқыл

Егер сіз алманың қышқыл және тәтті сорттарын таңдасаңыз, онда диабетпен ауыратындар және артық салмағы бар адамдар қышқыл түрін таңдаған дұрыс. Тәтті сорттарда глюкоза көп.

Қызыл немесе жасыл

Алмадағы қоректік заттардың мөлшері олардың түсіне байланысты. Мысалы, жасыл сорттар темірге бай, ал қызыл және сары – каротинге бай, ол көру және дене жасушалары үшін пайдалы. Бір алма құрамында аскорбин қышқылының күнделікті мөлшерінің 25%, ал алмадағы 5-6 тұқым йод мөлшеріне бай. Сонымен қатар алма құрамында А, С, калий, магний және басқа дәрумендер бар.

Күнделікті норма

Диетолог күніне екі алма жеуге кеңес береді. Олардан қоректік заттар мен талшықтар денені пайдалы микроэлементтермен қанықтыру үшін жеткілікті. Алманы шамадан тыс жеу денсаулыққа зиян тигізуі мүмкін.

Алма диетасына келетін болсақ, оның нормасы бір күннен аспау керек. Және бұл тек сау адамдарға қатысты. Әйтпесе, алма құрамындағы шарап және лимон қышқылдары өттің қабынуын тудыруы мүмкін.