Алматыда ақпан айының соңы күн суытады

Ақпанның соңғы екі аптасында Алматы мен Алматы облысында ауа-райы күрт суытады. Жекелеген аймақтарда ақ ұлпа қар жауып, аяз болуы мүмкін, деп хабарлайды «Хабар 24».

Осылай деп болжаған синоптиктер желтоқсан мен қаңтарда қар қалыпты мөлшерден аз жауғанын айтады. Тіпті қаңтарда күн райы жылдағыдан бір градусқа жылы болған. Жиі тұман түскен. Соның есесін табиғат енді қайтарайын деген секілді.  Мамандар мұны Арктикалық аймақтан жеткен циклонмен байланыстырып отыр.

Дәулет Кісебаев, «Қазгидромет» РМК Алматы қалалық филиалының бөлім басшысы:

– Ақпанның үшінші онкүндігінде ауа температурасы түнде -5, -10 градус суықты көрсетеді. Кейбір күндері -15 градусқа дейін аяз болады. Ал күндіз 5 градус суықтан, +3 градусқа дейін жылынады.  Алматы облысы аумағында күн күрт суытады. Солтүстік және шығыс аймақтарда ауа-температурасы -20 градусты көрсетуі ықтимал. Таулы аймақтарға  қалың қар түседі.