Павлодар облысында маңызды жолдар жабылды

Өңірде ауа райының күрт өзгеруіне байланысты 3 бағыт бойынша республикалық маңызды жолдар жабылды,  деп хабарлайды Pavlodarnews.kz.

Павлодар облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше,  29 наурыз күні сағат 18:40-та ауа райының нашарлауына байланысты Шідерті кентінен Қарағанды облысының шекарасына дейін республикалық маңызы бар автожол, Қызылорда-Павлодар автожолы (1135-1206 км) көліктің барлық түрлері үшін қозғалыс шектелді.

- Қатты боран салдарынан жолдар көк тайғақ болып, нашар көрініп,  автокөліктердің қатынауына кедергі келтіруде.  Сондықтан өңір тұрғындары мен қонақтарын қолаймыз ауа райында жолға шықпауға шақырамыз. Әрі жолда абай болуды ескертеміз,  - деді Шідерті кенті №14 өрт сөндіру бөлімінің бастығы Расул Ысқақов.

Сонымен қатар бүгін сағат 19:15-те Ақмола облысында ауа райының нашарлауына байланысты республикалық маңызы бар "Нұр-сұлтан-Ерейментау-Шідерті" автожолы учаскесінде (200-254 км) Шідерті кентінен Ақмола облысының шекарасына дейін көліктің барлық түрлері үшін қозғалыс тоқтатылды.

Бұдан бөлек, Қалқаман ауылынан  Қалқаман-Баянауыл-Үміткер-Ульяновский (0-231 км.) автожолы учаскесінде қозғалыс жабылды.

- Шідерті кентінде 50 автомашина тоқтатылды. Оның 20-сы жеңіл, 30-ы жүк көлігі. Автожолдардың жабық учаскелерінде 14жылыту пункті дайындалды, - делінген хабарламада.

Блок бекеттерде халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында ТЖД қызметкерлері ПД және жол иелерімен бірлесіп тиісті түсіндіру жұмыстарын жүргізілуде.