Алматыда нөсер жаңбыр жауып, найзағай ойнайды – Қазгидромет болжамы

Алматы қалалық Төтенше жағдайлар департаменті 21 мамыр күні кешке қалада нөсер жаңбыр жауып, күн күркірейтінін ескертті, деп хабарлайды Zakon.kz.

Сондай-ақ, департаменттің хабарлауынша, найзағай кезінде желдің екпіні 15-20 м/с-ға жетеді.

«Құрметті азаматтар, найзағай ойнап, қатты жел тұрып, нөсер жаңбыр жауған кезде ғимараттар мен үй-жайларда болыңыздар. Қатты қажет болмаса, сыртқа шықпағандарыңыз жөн. Көліктеріңізді ағаштардың астында қалдырмаңыздар» – деп ескертеді Алматы қаласы ТЖД баспасөз қызметі.

Сонымен қатар Алматы тауларында дауылды ескерту жарияланды. Алматы тауларында 21 мамырда кешке, 22 мамырда түнде және таңертең қатты жаңбыр жауып, найзағай жарқылдайды, бұршақ түседі, дауыл тұруы мүмкін. Жел екпіні 29 м/с жетеді. Туристерден тауға саяхаттап шығу жоспарын кейінге қалдыруға кеңес беріледі. «112» қызметінің құлақтандыру белгілерін және бұқаралық ақпарат құралдарының, теледидардың, радионың ескерту хабарламаларын назардан тыс қалдырмау керек екені ескертіледі.