«Қазақтарды біреу бақылап жүр»: паспорттағы чип не үшін керек?

Төлқұжаттағы чип не үшін керек? Бізді біреу бақылау үшін қойған ба, әлде басқа себебі бар ма? Әлеуметтік желіде жұртты шошытып, күмәнді чип туралы ақпарат тарағаны белгілі.

Расында осы чиптің атқаратын қызметі қандай? Пайдасы не?

Көкейдегі сұраққа Көші-қон қызметі жауап берді.

Паспортын бүлдіріп тұрып, халыққа хабар жолдаған азаматтардың видеосы осы. Желі қолданушылары оны әртүрлі қабылдады. Бірақ сайып келгенде, "қазақтарды біреулер бақылап жүр" деген ойға келген. Алайда Ішкі істер министрлігі бұл мәліметті жоққа шығарды. Өйткені ол чиптің өз функциясы бар екен. Өзге мемлекеттерде өткізу бекеттерінен және паспорттық-визалық бақылаудан жеңіл өту үшін құжаттарға осындай микросхема орнатылады. Ол арнайы құрылғылармен жанасқанда ғана құжат иесі жайлы мәлімет алынады. Бір сөзбен айтқанда, электронды паспорт дегеніміз осы.

Шұғыла Тұрлыбек, ҚР ІІМ Баспасөз қызметінің өкілі:

- Электронды төлқұжат әлемнің көп елінде енгізілген. Қазақстанда микросхемасы бар төлқұжаттар, сондай-ақ жеке куәліктер 2009 жылдан бастап шығарылады. Чип адам туралы жеке деректерді сақтауға арналады және жеке тұлғаны сәйкестендіруге мүмкіндік береді. Төлқұжаттардағы электронды чип мұқаба мен ішкі қабаттың арасында орналасады. Онда азамат туралы деректер: тегі, аты, әкесінің аты, туған күні, жері, жылы, ЖСН, суреті және электронды цифрлы қолтаңбасы жазылады. 

Яғни желіде күмән тудырғандай, шетелге барған азамат ұдайы бақылауда болмайды. Тек шекарадан өткен кезде ғана төлқұжаттардағы чиптер кәдеге жарайды. Бұл уақытты үнемдеу үшін қолданылатын шара, дейді мамандар.