Елімізде коммуналдық қызметтер бағасына жарияланған мораторий аяқталды

Елімізде коммуналдық қызметтер бағасына жарияланған мораторий аяқталды

Елімізде коммуналдық қызметтер бағасына жарияланған жарты жылдық мораторийдің мерзімі аяқталды.

Осы орайда Оралда тұрмыстық қатты қалдықтарды шығару тарифын өсіру мәселесі қозғалды. Бұл ұсыныс қалалық мәслихат сессиясында мақұлданып та қойды. Қолданыстағы тариф бағасы көп қабатты тұрғын үйлерде әрбір адам үшін 286 теңге, ал жеке баспаналарда 291 теңге еді. Енді қызметақысы бір жарым есеге артатын болды. Әкімдік өкілдері коммуналдық кәсіпорынның қаржылық қиындыққа тап болғанын алға тартып отыр.

Айтуларынша, биыл жұмысшылардың жалақысы көтерілген. Жанармай, шетелдік арнайы техникалар мен қосалқы бөлшектер едәуір қымбаттап кеткен. Оның үстіне абоненттердің берешегі көбейіпті.

Жандос Дүйсенғалиев, қалалық ТҮКШ, Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы:

- Әлі де өзінің процедураларын жүргіземіз. Сәйкесінше күз айларына дейін тарифті іске қосуымыз қажет. Жеке секторларға 451 теңге, ал көп қабатты тұрғын үй секторларына 442 теңгені құрап отыр. Қала тұрғындары тарапынан «ОралТазаСервис» мекемесіне қарыз көлемі 130 млн теңгені құрап отыр. Тек ғана тариф көзімен өз-өзін қамтамасыз етеді. Жергілікті атқарушы орган ешқандай мердігер емес, олармен ешқандай келісім-шарт бізде жоқ.