Қостанайда бір тәулікте 18 сантиметр қар жауды

Бұл бір айлық жауын-шашын нормадан көп, деп хабарлайды «Хабар 24».

Күннің қолайсыздығынан коммуналшылар түні бойы күшейтілген режимде жұмыс істеді. Қазір қала бойынша ақ ұлпаны тазартуға 130 техника жұмылдырылды. Көлік қозғалысында ешқандай кедергі жоқ.

Республикалық, облыстық маңызы бар барлық жол ашық. Қоғамдық көліктер кесте бойынша қатынап жатыр. Бірақ таңертең такси қызметі алты есе қымбаттағаны байқалды. Бұл туралы тұрғындар әлеуметтік желілерде белсенді жазған. Қазір баға ретке келтірілді. Жалпы қаланы қардан толық тазартып, полигонға апаруға шамамен екі-үш күн қажет, - дейді әкімдік өкілдері.

Данияр Сәбитов, қалалық Тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бөлімінің басшысы:

- Қазір бес мердігер ұйымы жеке секторлардан қарды аршуға кірісті. Аялдамалар, көше қиылыстары ретке келтірілді. Автотұрақтар біраз қиындық тудырып жатыр. Кейбір жүргізушілер көлігін сонда түні бойы қалдырып кетеді. Сол себепті техникаға сондай аумақтарды екінші қайтара тазартуға тура келеді.