Британиядағы қазақтар Наурыз мерекесін атап өтті
Тұманды Альбионда тұратын қазақ диаспорасының мүшелері өскелең ұрпаққа үлгі болсын деп, ұлттық дәстүрлерімізді шетелдіктерге паш етті.
Наурыз көже пісіріп, тұсаукесер рәсімін өткізді, арқан тартудан жарыс ұйымдастырды. Жат елде жүрсе де жүрегі «туған жер» деп соғатын отандастарымыз мұрындық болған игі шара.
Ғалымжан Қараманұлы, тілші:
- Жергілікті қазақтар Наурызда жылда бас қосады. Ұлыбританияның түкпір-түкпірінен жиналып, Ұлыстың ұлы күнін тойлайды. Көпшілігі осында отбасы жағдайымен немесе жұмыс бабымен көшіп келгендер. Ұлттық тағамдардан дәм татып, туған жерге деген сағыныштарын басады.
Диаспора мүшелері Тұманды Альбионда түрлі салаларда нәпақасын айырып жүргендер. Бірінің жұмысы мұнаймен байланысты болса, енді бірі ұстаздық етеді. Араларында 20 жылға жуық уақыттан бері осында тұрып жатқандары да бар. Бірақ ешқашан туған жерімен байланысын үзген емес.
Алмаш Әлиева, ұйымдастырушы:
- Наурызды ұйымдастырудағы мақсатымыз осы бар қазақтар бірге жиналсын деп, бірге танысып, Наурыз мерекесін тойлап дегендей. Көп қазақтар бір-бірін танымаған осы жақта тұрса да. Осы Наурыздың арқасында бәрі бір-бірімен танысып, бір-бірімен жанұяларымен дос болып дегендей.
Диаспора мүшелерінің қатарында ағылшыннан қыз алып немесе ағылшынға күйеуге шыққан қандастарымыз да көп. Ұл-қыз өсіріп, тәрбиелеп жатыр. Қазаққа күйеу бала болғандар ошақтың жанында жүгіріп, қызмет етіп жүр. Оттың қызуын қадағалап, палау басуға көмектесуде.
Мартин Флауерс /ер кісі, аударма/:
- Күйеу бала, құда, құда бала сияқты сөздер мен үшін таңсық емес. Мен Қазақстанға барғанда дәстүр бойынша тамақ істеуге көмектесемін. Өзіме ұнайды. Бүгін де дәстүрімнен жаңылған жоқпын.
Дэвид Марш:
- Менің атым Дэвид. Қазақша Дәуіт. Мен Қазақстанда күйеу баламын. Менің жолдасым Орал қаласынан. Бүкіл қазақтарды наурыз мерекесімен құттықтаймыз.
- Жайманы салып, бесбармақ пісіріп жатырмыз. Наурыз мерекесі құтты болсын!
Қыз-келіншектер қауымы болса, асханада Наурыз-көже пісіріп, ет асып жатыр. Қазақстаннан әкелінген жайма мен қазыны қазанға салып қайнатуда. Негізі Ұлыбританияға сырт елден тамақ тасуға тыйым салынған. Бірақ ауылдың дәмін сағынғанда қазақтарға ештеңе де бөгет болмайтын сияқты. Бүгін де дастархан құрт пен ірімшікке, қазы мен қартаға толы.
Камилла Ермекбаева: Сәлеметсіз бе? Менің атым Камилла. Мен Англияданмын. Мен университетте оқып жатырмын. Мен Шымкентте 7 жыл тұрдым. Үйде қазақша тамақтар істеймін: бауырсақ, палау, бесбармақ.
Мұхит Ермекбаев:
- Біз Шымкенттен келдік. Осы жерде 12 жыл болды тұрып жатырмыз. Осы жерде жұмыс істейміз.
Диаспора мүшелері Қазақстанның түкпір-түкпірінен жиналғандар. Барлығы да ұлтымыздың жөн-жоралғыларын жақсы біледі, салт-дәстүрлерін қатаң сақтайды. Балаларына үйретіп, бұлжытпай орындауларын қадағалайды. Бұл күні де әдет-ғұрыптарымыз қайта жаңғырды. Өскелең ұрпақ көрсін-білсін деген ниетпен жиналғандар тұсаукесер рәсімін өткізді. Жаңа өмірге қадам басқан баланың жүйрік болып, шауып кетуін тіледі.
Тұсаукесер рәсімінен үзінді
Бұдан бөлек сыйлы қонаққа бас тартылды. Қойдың көзі мен құлағы, тілі мен құйқасы талаптарға сай үлестірілді. Бұдан кейін қазақтың ұлттық ойындары да көрініс тапты. Арқан тарту жарысы ұйымдастырылып, ерлер бөлек, әйелдер бөлек күштерін сынап көрді.
Гаухар Скотт:
- Мен Тараздың тумасымын. Мен Астанада 20 жыл тұрдым. Бір жыл болды Blackburn деген Англияның қаласына көшіп келдік. Үлкен мақсат қызыма осы дәстүрлерді көрсету.
Амели Скотт:
- Жақсы көремін Наурызды. Жіпті тартуды үйрендім және тұсау кесу. Және мен өлең айттым.
Ұлыбританиядағы Ұлы дала тойын ұйымдастырушылар дегеніне жеткендей. Ересектер ішке кіріп кеткеннен кейін кішкентайлар ешкімнің айтуынсыз-ақ арқан тартып ойнады. Бала көргенін істейді. Ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі деген осы шығар?!
Ғалымжан Қараманұлы