Құрылыс саласындағы жоспар қатаң бақылауға алынады

Бұдан былай кез келген нысанның толық жайғастыру жоспары да қала құрылысы сараптамасынан өтетін болады.

Бұл құрылысқа пайдаланылған материалдарға дейін жіті тексеріледі деген сөз. Бұндай бақылау елде бұрын-соңды болмаған. Тиісті заң жобасын сенат депутаттары екінші оқылымда мақұлдады. Енді соңғы нүктені Президент қою керек.

Осы күнге дейін қала құрылысының сараптамасы тек 100 мыңнан астам адам тұратын ғимараттың бас жоспарына ғана жасалып келген. Толық жайғастыру жоспары болса ешқашан сараптаманы қажет етпеген еді. Ал нысанның қай материалдан салынатыны мен сапасы осы құжатқа тікелей байланысты. Енді бұл олқылық жойылып отыр.

Ерлан Құлышев, ҚР ИИДМ Құрылыс саласын дамыту басқармасының басшысы:

- Енді қала құрылысының сараптамасы бас жоспарға да және толық жайғастыру жоспарына жасалады. Бұл аумақты дамытуды сапалы ойластыру үшін жасалып отыр.

Наурыз айының басында тек Астананың өзінде 96 құрылыс компаниясы рұқсатсыз тұрғын үй салып жатқаны анықталды. Барлығына да жұмысты тоқтату жөнінде ұйғарым шығарылған. Әкімдіктің мәлімдеуінше, қазір 24 компания олқылықты жойған. Ал қалғанының тағдырын енді сот шешетін болады.

Оксана Ибраева, қалалық орта сапасы және бақылау басқармасы басшысының орынбасары:

- Заң талаптарын бұзған 20 субъектке, өзге жер пайдаланушыларынан учаске сатып алып, жобалау-іздестіру жұмыстарын жүргізуге рұқсат берілді. Бірақ олар сатып алмастан өз еріктерімен құрылысты бастап кеткен. Енді осы компанияларға сотқа арыз беріледі.

Енді жаңа заң жобасы бойынша бұрыннан қайталанып келе жатқан келеңсіздерге жол берілмейді. Жоспарға қатаң бақылау жүргізілгендіктен құрылыс компаниялары өз еріктерімен құжатта жоқ жерге жұмыс жүргізе алмайды. 

Виктор Микрюков, Қазақстан құрылысшылары қауымдастығының президенті:

- Құрылыс компаниялары мен жергілікті атқарушы органдардың Бас жоспарды қалаған кезде өзгерткендіктен, тұрғын үйлерге Жер сатып алған қазіргі инвесторлар да жобаларының орындалуына кепілдік бере алмайды. Пандустармен көптеген бұзушылықтар бар. Қасбеттерді безендіру талаптары әрдайым сақтала бермейді.

Заң талабына бағынатын құрылыс компаниясы нарықта әрине сенімге ие болады. Ал өз пайдасын іздегендер болса қызметкерлерін де табыссыз қалдырады. Өйткені бір ғана құрылыс алаңында 900-ге жуық жұмысшы еңбек етеді. Оның үстіне құрылыста пайдаланылатын отандық өнімнің үлесін көлеңкеден шығаруға мүмкіндік бар.

Виктория Тен, құрылыс саласының сарапшысы:

- Егер біз коммерциялық баспана жайлы айтатын болсақ, бұнда салынған материалдың 60 пайызы импорттық болып келеді. Ал егер мемлекеттік ғимарат болса, онда отандық үлес 100 пайызға жуықтайды. Бірақ, әрлеуге кететін материалдардың 70 пайызы импорттық болып шыға келеді. Мәселен, сантехникаға қажеттінің барлығы Ресей, Түркия сынды елдерден әкелінеді.

Жалпы биыл елде 15 млн шаршы метрден астам баспана салу жоспарланған. Бұл пандемия кезіндегі кезеңмен бірдей көрсеткіш. Қарқын азайғанмен жыл соңында жұрттың барлығы санға емес, сапаға баса мән береді деген пікірде.

Риат Шони, Виктор Поляный, Арман Акшабаев