Автогаз станцияларында газ баллонға отын құйып беруге болмайды

Автогаз құятын станциялардың тұрмыстық газ баллондарға сұйық отын құйып беруге құқығы жоқ.

Бұл заңға қайшы. Алайда аталған станциялар жеке бастың пайдасы үшін осындай әрекеттерге күнделікті барады, дейді мамандар. Мұның соңы қаншама қайғылы жағдайлармен аяқталып жатқаны жасырын емес. Қарағанды облысында жыл басынан бері газдың жарылуынан 3 адам көз жұмған. Көгілдір отынды пайдалануда қандай қауіпсіздік ережелерін сақтаған жөн?

Осыдан үш ай бұрынғы жағдайдан Сергей мен оның қарт әкесі әлі қалыпқа келе алмай жүр. Пәтері де пана болмай кеткен. Жоғары қабатта болған газ жарылысынан осындағы 3 пәтердің де сиқы адам шошырлық жағдайда тұр.

Сергей Лященко, Қарағанды қаласының тұрғыны:

- Төбеден күні бойы құм құйылып тұрады. Мен осында сыпырғыш алып сыпырып жүремін.Әсіресе түнде қиын. Газдың жарылуына келсек,  менің ойымша газ баллондары әбден ескірген. Оның үстіне адамдар тиісті жерден құймайды. Осының салдарынан апатты жағдай көбейіп кетті деп ойлаймын. 

Ал бұл сол газ жарылған үй. Қазір жабық. Тұрғындары болса уақытша басқа жерге көшірілген. Өз үйлеріне жақын арада оралмайтынын пәтердің сиқы айтып тұр. Жергілікті әкімдіктің көмегімен үй қалыпқа келтірілетін болған. Қазір техникалық  зерттеу жұмыстары аяқталған. 

Дәуренбек Бағдәулетұлы, тілші:

- 21 қаңтар осы үй тұрғындарының есінде көпке дейін сақталары сөзсіз. Сол күні 5 литр газ баллонды толтырып алып келіп, осы маңда ас үй болған, пештің қасына қойып қойған. Ол тіпті жалғанбаған да. Бірақ арада бір сағатқа жетер-жетпес уақыт болған. Әлгі газ баллонның жарылғаны ғана есінде. Абырой болғанда тұтанып от болмаған.  Екі апта бойы ауруханада жатқан ерлі-зайыптылар үйіне келген. Сол үйдің сыйқы үш айдан бері осындай болып тұр. 

Алена Медведева, қала тұрғыны:

- Негізі біздің бәріміз осындағы автогаз станциясынан газ құйдырамыз. Мүмкін үлкен газ баллондарының темірі қалың болатын шығар. Ал, бізде жарылған 5 литрлік қытай баллонының қалыбы жұқа болды ма деп күдіктенемін. Балалмыз сыртта ойнап жүрген. Ойламаған жерден үйдің шатыры ортаға түсті. Мені 40 пайыз, ал күйеуімді 20 пайызға күйік шалды. Бірақ әлі күнге дейін ем-дом қабылдап жүрміз.

Негізі газ баллонды аттестатцияланған орындар тек 80-85 пайызға дейін толтырып беруі тиіс. Олар баллонды алдымен сынақтан өткізіп, жай-күйін мұқият тексереді. Ал автогаз орындары ондай сынақ жасамастан тырыстырып, қатты қысыммен құйып береді. Қауіптің ең үлкені осы дейді мамандар.  

Нұрмағамбет Ештаев, Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті ҚОФ бөлім басшысы:

- Тұрмыстық газ балондарды автогаз станциясында толтыру заңсыз. Ол 5-10 жыл бойы сынақтан өтпеген. Сондықтан жарылыстар болып жатады. Негізі газ баллондар 5 жылда бірлет тексеріліп отырады.

Аттестациядан өткен орындардың да жағдайы мәз емес. Соңғы 3 жылда мұндағы клиеттердің саны 80 пайызға қысқарып қалған. Салдарынан кіріс төмендеп, жұмысшылары жан-жаққа кетіп жатыр. Сала құрдымға кетудің аз-ақ алдында тұр.

Асқар Шарафутдинов, газбен жабдықтаушы компанияның директоры:

- Бұрын біз айына 35 тонна газ сатқан болсақ, қазір небәрі 8 тонна сатып жатырмыз. Себебі автогаз станциясы алдымызда орап кетіп жатыр. Салдарынан біздің сала толық құрдымға кетудің аз-ақ алдында тұр. Ал, тұрғындардың оларға жүгіруінің басты себебі ондағы газ бізбен салыстырғанда 30-35 пайызға арзан. Бірақ сол үнемдеген ақша өміріне қауіп төндіруі мүмкін. Ал, біз болсақ баллонды толық тексеріп, бояп, ескірген құрылғыларды ауыстырып отырамыз. 

Жыл басынан бері Қарағанды облысындағы тұрғын үйлерде 5 бірдей газ жарылысы болып, салдарынан 3 адам қаза тапқан. Тағы 8-і жарақат алған. Мамандар қазір ел арасында түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, 2 қабаттан асатын үйге көгілдір отын құйылған баллонды қолдану заңға қайшы екенін айтып жүр. Өткен 3 айда ТЖ мамандарына «көп қабатты үйге газ баллон алып келді» деген 30-ға жуық шағым түскен.

Дәуренбек Бағдәулетұлы, Сайлау Игіліков, Зарина Зұлпыхар