Елде жеңілдетілген автонесиенің талаптары өзгереді

Елде жеңілдетілген шартпен автонесие рәсімдеудің талаптары өзгереді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Енді атында тіркелген көлігі барлар бұл бағдарламаға қатыса алмайды. Ережеге енгізілетін өзгерістер жайында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев айтты. Автонесие бағдарламасына қатысу үшін көлік құнының 10-15%-ін бастапқы жарна ретінде талап ету ұсынылып отыр. Сондай-ақ бұл бағдарлама бойынша көлік иеленгендердің тізімі жариялануы мүмкін. Алдағы уақытта Kia Sportage бен Hyundai Tucson бұл тізімінен алынады.

Жоба қарапайым тұрғындарға қолжетімді болу үшін қатысушылардың еңбекақысының жоғарғы шегі қайта қаралады. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің айтуынша, онлайн өтініш қабылдау алдағы айда қайта басталуға тиіс.

Марат Қарабаев, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі:

- Біз айттық қой осыдан бұрын, автонесиелендіру мәселесі бойынша 2 мәселе бар: біріншіден, біз айттық, әр айда қайтарылған ақша есебінен қосымша тағы да автонесиелеу жүзеге асырылатын болады. Бірақ айына шамамен 1 млрд-тай ақша қайтарылып отыр, ол 100 көлікке жетеді. Ал енді қазіргі осы уақытқа дейін 4 млрд-тай ақша қайтарылды, яғни револьверді, ол шамамен 400 көлікке жетеді ең көп дегенде.