Қай жағдайда «Сергек» камерасына түскен айыппұлды төлемеуге болады?

«Сергек» бейнебақылау жүйесінде тіркелген кейбір әкімшілік құқық бұзушылықтардың күшін жоюға болады.

Полиция қызметкерлерінің айуынша, ауа райының қолайсыздығына байланысты жол белгілері көрінбеген жағдайда жүргізушілер шағымдануға құқылы.

Еркебұлан Смадияров, тілші:

- Астанада таң атқалы толассыз қар жауды. Арнайы техникалар көшелерді тазалап өтті. Дегенмен автобус жолағындағы арнайы белгілер әлі анық көрінбейді. Мұндай жағдайда дәл осы жолаққа түскен жеңіл көлік жүргізушілеріне "Сергек" айыппұл салуға құқылы емес.

Мысалы, мына көліктер қоғамдық көліктің жолымен кетіп бара жатыр. "Сергек" оларды фиксация жасайды. Бірақ жол белгісінің көрінбеуіне байланысты осы құқық бұзушылықтың күші жойылады.

Саят Осипов, жүргізуші:

- Ауа райы қолайсыз кезде әрине белгілерді байқамай жатамыз. Сондай күндері автобус жолағымен талай жүріп өткенмін. Алайда "Сергектен" оған қатысты айыппұл келген емес. Бұл дұрыс деп ойлаймын.

«Сергек» таспасына түскен кейбір деректер мына жағдайларда әкімшілік құқықбұзушылық ретінде қарастырылмайды. Біріншіден, жол жөндеу және салу жұмыстарына байланысты көлік қозғалысы өзгертілген кезде. Екіншіден, жүктемеге сәйкес, қоғамдық көліктердің жолағымен қатынауға уақытша рұқсат берілген күндері. Үшіншіден, көлік апатына байланысты немесе жедел жәрдемге жол беру үшін автобус жолымен айналып өткен жағдайда. Сонымен қатар жолдың үстіндегі белгілерді қар басып қалса және тұманға байланысты көру қашықтығы тым қысқа болса, "Сергек" түсіністік танытады.

жол құрылысына байланысты көлік қозғалысы өзгертілсе

қоғамдық көліктің жолағымен қатынауға уақытша рұқсат берілсе

мәжбүрлі түрде қоғамдық көлік жолағымен айналып өткенде

жол белгілері көрінбесе

тұманға байланысты көру қашықтығы тым қысқа болса   

Эльдар Нұрмағамбетов, қалалық ПД әкімшілік полиция басқармасының аға инспекторы:

- Мысалы, жаздың күні бір көшеде асфальт салынса, көлік трафигі басқа көшеге түседі. Сондай жағдайда фиксация өшіріледі. Скораяға жол берген жағдайда фиксация болса, сол кезде жүргізуші бізге жүгінеді. Оны тексерген кезде, видеоны қарап, сол кезде күші жойылады.

Елорда көшелерінде 13 мыңдай "Сергек" камералары орнатылған. Оның тең жартысы автоматты режимде жұмыс істейді. Былтыр бұл бейнебақылау құрылғылары арқылы бір млн-нан астам әкімшілік құқық бұзушылық тіркелген.

Бауыржан Тоқжұманов, қалалық ПД әкімшілік полиция басқармасының бөлім бастығы:

- Ол жалпы сомасы 11 млрд астам теңгені құрайды. Көбінесе «Сергек» камераларымен анықталатын құқық бұзушылықтар: жол белгілері мен таңбаларының талаптарын орындамауы бойынша және бағдаршамның тыйым салынған белгісінен өткен жүргізушілер.

Еркебұлан Смадияров, тілші:

- «Сергек» айыппұлына қатысты шағымды мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығына барып беруге болады. Немесе қамқор.кз сайты мен е-өтініш қосымшасы арқылы жолдауға болады. Мұнда көрсетілген бағаналарды толтырсаңыз, жеткілікті.

Еркебұлан Смадияров, Нұрғали Мамырбаев, Мадияр Қындыбаев