Болашақ дәрігерлер робот-пациенттің көмегімен адам емдеуді үйренеді

Қарағанды медицина университетінің студенттері робот-пациенттің көмегімен науқастың өмірін құтқаруды үйренуде, деп хабарлайды 24kz.

Жоғары оқу орнының симуляциялық орталығына бірнеше робот сатып алынды. Олардың ішінде салмағы 500 грамм болатын шала туған нәрестенің манекені де бар. Сондай-ақ босану процесін толықтай қадағалауға арналған VR-қосымшасымен жабдықталған манекендер де алынды.

«Әзірге мұндай жабдық еліміздегі басқа университеттерде жоқ», - дейді мамандар. Шынайы тренажерлардың көмегімен студенттер алғашқы көмек көрсетуді үйренеді. Сондай-ақ анестезиология-реаниматология мен неонатологияны меңгереді.

Гүлшат Кемелова, Қарағанды медицина университетінің симуляциялық орталық жетекшісі:

- Бұл технологиялардың басты мақсаты ана мен баланың өлімін азайту. Дәрігерлер мен студенттер күрделі жағдайларды алдын ала пысықтап, шұғыл жағдайларда сенімді бола алады осы құралдардың арқасында.