Жезқазғандағы дәрігерлер династиясы сабақтастықты жалғап келеді
Дәрігер Виктор Тильманды ұлытаулықтар жақсы таниды.
Ол осыдан 30 жыл бұрын елде алғашқылардың бірі болып Жезқазғанда отбасылық-дәрігерлік амбулатория ашқан. Жасы жетпіске жетсе де әлі еңбектен қол үзген жоқ. Әке жолын жалғастырған балалары да медицина мамандығын таңдаған. Әулеттің саладағы жалпы еңбек өтілі 100 жылдан асады.
«Адам өзінің мамандығына шын берілгенде ғана жетістікке жете алады». Бұл Виктор Тильманның өмірлік ұстанымы. Дәрігердің көбі базар жағалап кеткен 90-ыншы жылдардағы тоқырауда ол сүйікті ісінен қол үзбеді. Керісінше денсаулық сақтау саласына жаңашыл бастама енгізді. 1995 жылы Жезқазғанда еліміздегі тұңғыш отбасылық-дәрігерлік амбулатория ашты.
Виктор Тильман, жоғары санатты дәрігер:
- Ол кезде отбасылық дәрігерлік қызмет ұғымы жалпыға таныс емес еді. Қарапайым халық тұрмақ, басшылық қызметтегі адамдар да түсіне бермейтін. Алғаш құрылған жылы көптеген тексерістер болды. Кейін біздің тәжірибе өзге өңірлерге де тарады.
Виктор Тильманның ұлты неміс. Анасы Қазақстанға соғыс жылдары депортацияланған. Виктор Қарағанды медициналық академиясын тәмамдаған соң Жезқазғанға жолдамамен келген. Облыстық наркологиялық диспансерде ұзақ жылдар бас дәрігер болды. Өмірлік жары Қалқа Көшерқызы да білікті дәрігер. Отбасылық орталықта қызмет етеді.
Виктор Тильман, жоғары санатты дәрігер:
- Кез келген адам өзінің балаларын, отбасын қалай сүйсе, отанын да солай сүюі тиіс. Отбасыма, туған қалама жасаған еңбегімді тұтас елімнің дамуына қосқан үлесім деп білем. Саналы ғұмырымызда шамамыз жеткенше елге қызмет қылуға тырыстық. Күнделікті тірліктен бөлек, қаланың қоғамдық жұмыстарына да атсалысып тұрамыз.
Дәрігерлер отбасында туып өскен 4 баланың екеуі ата-ана жолын қуған. Қызы Жанна мен ұлы Руслан облыс орталығындағы ауруханада білікті маман. Әулеттің дәрігерлік жолдағы еңбек өтілі 100 жылдан асады.
Жанна Тильман, В. Тильманның қызы:
- Біздің әулетте бір-бірімізге айтқымыз келген ойды көзқараспен-ақ жеткізе береміз. Әңгімеміз ортақ. Болашақта біздің балаларымыз да дәрігерлік жолды таңдаса деген тілегіміз бар. Себебі, бұл мамандық иелерінің жүрегі жұмсақ келеді. Әр науқастың жағдайын шын түсініп, көмек беруге асығып тұрады.
Дәрігерлер династиясын қалыптастыруды мақсат еткен отбасы жауапкершілігі мол жолда абыройымыз түспесе екен дейді. Виктор Тильман құрған амбулатория бүгінде 10 мыңнан астам тұрғынға қызмет көрсетеді.
Елдос Какенов, Нұрбол Үздікбаев