Шымкентте нейрохирургиялық аурулардан болатын өлім-жітім азайды
Шымкентте нейрохирургиялық аурулардан болатын өлім-жітім төмендеді, деп хабарлайды 24kz.
Озық операциялық технологиялардың арқасында 200-ден астам науқас өз ауруынан толық айығып, денсаулығын қалпына келтірді. Дәрігерлер медициналық қызмет сапасының жақсарғанын ескере отырып, оңалу кезеңінің де, жылдам өтетінін атап өтуде.
75 жастағы Жолымбет Қозыбақовтың омыртқасына жасалған операция сәтті өтті. Нерв жүйелері қалпына келтіріліп, ауырсыну артта қалды. Енді ақырын аяқ басып, бойын қайта тіктеп келеді. Дәрігерлердің нұсқауымен аз күнде үйіне шығарылады.
Жолымбет Қозыбақов, қала тұрғыны:
- Жас кезімде ауыр нәрсе көтеріп, тайып кетіп бұрын 1 жыл жатқам. 30 жыл бұрын. Жас келген сайын қайталанады екен. Өзім таяқпен зорға жүремін. Осы жермен сөйлесіп МРТ түстім. Сөйтіп кезекке қойды да 18-не жасады. Жақсы өтті. Ешқандай ешнәрсе білінбеді. 3 күннен кейін жүре баста деді жүре бастадым.
№2 қалалық аурухана базасында былтыр 200-ге тарта нейрохирургиялық операция жасалды. Биыл да күрделі операцияларға сұраныс көп. Дәрігерлер құрамы эпилепсияны емдеудің жоғары технологиялық әдістерін енгізіп, Паркинсон дертіне шалдыққан жанға алғаш рет күрделі операция жасамақ.
Бақытжан Позилов, қалалық №2 ауруханасының бас дәрігері:
- Биыл да біз жыл басынан бері 40 операциядай жасап қойдық. Атап айтатын болсақ, мидың тамырларының күрделі аневризмалары немесе мидың ісіктері басқа да өте күрделі омыртқадағы патологиялардың бәрі біздің базада жасалып жатыр. Бұрын да Шымкент қаласында бұл операциялар жасалатын еді. Бірақ көбінесе науқастар Астана, Алматы қалаларына баратын еді немесе шетелдерге баратын еді.
Науқастарға мұндай жоғары технологиялық операциялар әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры арқылы тегін жасалады. Сонымен қатар ауру сатысын ерте анықтау үшін скринингтік тексерулер мен консультациялық-диагностикалық қызметтер көрсетіледі. Соңғы жылдары оңалту мен ағза ауыстыру операцияларына сұраныс артқан.
Раушан Мүсірәлиева, «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» филиалының бөлім басшысы:
- Жоғары мамандандырылған қызметтердің ішінде көп бөлігін құрайтын бұл нейрохирургиялық оталар, кардиохирургиялық оталар. Былтыр 2024 жылы бізде қаламызда 1 жүрек алмастыру отасы, 10 бүйрек алмастыру отасы жасалынып, сондай медициналық қызметтер көрсетілген.
Қала халқының 925 мыңға жуығы медициналық сақтандырудан өткен. Оның жартысынан көбіне мемлекет есебінен жарна төленеді. Нәтижесінде денсаулық сақтау саласын дамыту мықтап қолға алынып, биыл 126 млрд теңге бөлінді.
Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Нұрмахан Бекмұратов, Самат Нағашбекұлы