ТМҰ-ға мүше елдер денсаулық сақтау саласында ынтымақтастықты арттырады

Түркі мемлекеттер ұйымына мүше елдер денсаулық сақтау саласындағы ынтымақтастықты арттыра түспек, деп хабарлайды 24kz.

Астанадағы Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығы бұл ретте тәжірибе алмасатын, бірлескен жобаларды іске асыратын алаңға айналып отыр. Бүгін тиісті меморандумға елімізбен қатар Әзербайжан, Қырғызстан, Түркия, Өзбекстан және Түрікменстанның ведомство өкілдері қол қойды. Шара аясында олар Шұғыл медицина орталығының жұмысымен және ондағы санитариялық авиация қызметінің техникаларымен танысты.

Айта кету керек, түркі елдірінің медицина саласындағы мамандары Қазақстанда алғаш рет бас қосып отыр. Биылғы бағдарламаның ауқымы кең және ол екі күн бойы жалғасады.

Ақмарал Әлназарова, ҚР Денсаулық сақтау министрі:

- Әзербайжанның ұшағы қыста құлағанда біз, әрине, телефон арқылы бірлесе, осы жұмысты атқардық. Бірақ осындай үйлестіру орталығы қажет екенін түсініп, осы ұсынысты түркі мемлекеттердің министрлеріне ұсындық. Ол қолдау тапты. Сондықтан Қазақстан Республикасының шұғыл медициналық көмек көрсететін ұлттық орталық түркі мемлекеттерінің осы медициналық көмекті көрсететін үйлестіру орталығы болып табылады. Сондықтан бұл үлкен нәтиже.

Теймур Мұсаев, Әзербайжан денсаулық сақтау министрі:

- Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығының заманауи техникалармен жабдықталғанын көрдік. Қазақстанның денсаулық сақтау саласындағы жетістіктерін де тізіп айта аламыз. Бүгінгі меморандум түркі елдер үшін маңызды деп есептеймін. Енді біз өзара тәжірибе алмасудың жаңа деңгейіне көтерілетінімзге сенімдімін.

Бүгінде Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығы медициналық авиация бойынша мыңдаған ұшу әрекетін орындап, көптеген азаматтың өміріне араша түскен. Мұнда 250 орындық стационар бар. Сондай-ақ кешенде 29 бағыт бойынша емдеу ісін жүргізетін бірқатар клиникалық департамент жұмыс істеп тұр.

Ержан Әділбеков, Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығының басқарма төрағасы:

- Егер науқасты дереу ауруханаға жатқызу қажет болса, шұғыл түрде санавиацианы жібереміз. Бізде әр шешім жағдайдың күрделілігі мен уақыттың тығыздығына байланысты қабылданады. Енді бүгінгі құжатқа сәйкес, біздің орталық бірыңғай алаңға айналып отыр. Демек, түркі мемлекеттермен өзара ынтымақтастығымыз артып, тәжірибе алмасу жұмыстары да сәтті жүзеге асады.