Астанада онкологиялық ауруларды анықтау және емдеуге арналған екі құрылғы іске қосылды

«Қазақстан халқына» қоғамдық қорының қайырымдылық жобасы шеңберінде елордадағы радиациялық онкологияның жоғары технологиялық орталығына екі бірдей медициналық құрылғы орнатылды.

Олар "Somatom Go. Sim" КТ-симуляторы және "True Beam 6484" желілік үдеткіш аппараты. Бұл жүйелер науқастарға дер кезінде топометрия жүргізуге және емдеу жұмыстарын тиімді жоспарлауға мүмкіндік береді. Осы жылдың 1-тоқсанында 170-ке жуық науқас топометрия тексерісінен өтсе, "Тру Бим" үдеткіші арқылы 76 науқас жоғары дәлдікпен сәулелі терапия алды. АҚШ-тың бұл тың технологиясы онкологиялық дертке шалдыққандардың өмірін бірнеше жылға ұзартады, дейді мамандар.

Ләззат Шыңғысбаева, «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының басқарма төрағасы:

- Бүгін Астанада көріп жатқан құрал жабдықтарына 3 млрд астам қаражат бөлінген. Және де бұл жерде 10 жылдан асқан құрал-жабдықтарға апгрейд жасадық. Оған 200 млн тг көлемінде қаржы жұмсалды. Бұл қаражат аз емес. Бірақ біздің осы саладағы науқастарымыздың денсаулықтарына қосып жатқан үлесіміз.

Мұхтар Төлеутаев, қалалық көп салалы медицина орталығының директоры:

- Бұл қондырғының ерекшелігі ең кішкентай көлемдегі ісікті сапалы және сәулені үнемдеп емдейді. Соның арқасында өкпе обыры, бас миының обыры сияқты ауруларды емдеуге мүмкіншілік беріп отыр.